БҚО-да жолда жүрген малды дронмен анықтайды

Батыс Қазақстан облысында жолда қараусыз жүрген малды әуеден дронмен анықтап жатыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәсіл әзірге Самара-Шымкент халықаралық трассасы мен Орал-Атырау тасжолында қолданылуда. Бұл жолдарда көліктің малға соқтығысуы жиілеп кеткен. Биыл 97 жол апаты болып, 27 адам жарақат алған.

Әсем Отарбаева Теректі ауданының Барбастау ауылында тұрады. Күн сайын бөбектерін Жаңаөмір ауылындағы балабақшаға тасиды. Осыдан екі апта бұрын таң қараңғысында жол апатына ұшырады. Самара-Шымкент жолында сиырларға соғылыпты.

Әсем Отарбаева, Барбастау ауылының тұрғыны:

- Сиырлар жолға оқыстан шығып қалды. Көлігім зардап шекті. Темірді қойшы, қалпына келер. Бастысы - балаларым аман. Соған шүкіршілік етемін. Оқиға орнына полицияны шақырдым. Ветеринарлық дәрігерлер келді. Малдың иесін тапты. Қазір көлікті жөндетіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысы - еліміздегі малды аймақтардың бірі. Жол бойында жайылып жүрген төрт түлік жиі жолығады. Бағымсыз малды анықтауда соңғы аптада дрондар қолданыла бастады. Тәртіп сақшылары жолға беттеп келе жатқан жануарларды ұшу аппараттарының көмегімен байқайды. Арнайы орындарға қамап, иесіне айыппұл салады.

Константин Недопёкин БҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

- Облыста ҚР ветеринария саласындағы заңнамасын бұзудың 394 фактісі, сондай-ақ ауылшаруашылық жануарларын жаю қағидаларын бұзудың 3608 фактісі анықталды. Профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру үшін ұшақсыз ұшу аппараттарын, дрондарды белсенді қолдануда.

Өңірде қараусыз малды уақытша қамайтын 125 арнайы орын бар. Жыл басынан бері осы жерлерге 7 мың бас қамалды. Жолдағы малдың кесірінен трассаларда 97 жол апаты тіркеліп, 27 жолаушы жарақат алған.

Ринат Шайхымов Ақжайық аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Ақжайық ауданы бойынша барлығы 11 мал тұрағы бар Тайпақпен бірге қосқанда. Жол бойындағы орналасқан малтұрақтарға бағымсыз жүрген малдар жиі қамалады. Учаскелік полиция инспекторлары мен ветдәрігерлер келіп, малдың ен таңбасымен, құлағындағы сырғаларымен анықтап иелерін табады. Сырғасы базада тіркеуде ғой. Айыппұл салып иелеріне, сосын малды иелеріне қайтарады. Алып кетеді. Бізде бір тәуліктен артық оны ұстай алмаймыз. Өйткені оның асы бар, суы бар дегендей.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Әдетте көліктердің малға соқтығысуы көбіне қараңғы мезгілде болып, негізінен мал иелері айыпты деп танылады. «Алайда жауапкершілікті тек бір тарапқа ысырып тастауға болмайды», - дейді мамандар. Себебі қысы-жазы, күні-түні жайылатын жылқы малын қораға қамап ұстау мүмкін емес. Кешкісін жол бойынан қайырып әріге айдап тастағанның өзінде аяқты мал желдеп не шыбындап, жол бойына қайтып келуі әбден ықтимал. Сондықтан жүргізушілер жылдамдықты белгілі шектен асырмағаны абзал. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов