Өскеменде қоғамдық көлік дауы шешілді
Өскеменде Аблакет ықшам ауданынның тұрғындары кестеге сай әрі жауапты қызмет көрсететін қоғамдық көлікке сот арқылы қол жеткізді. Олар өз міндетін дұрыс атқармай, әбден мезі қылған бұрынғы тасымалдаушы компанияны сотқа беріп, жеңіп шықты.
Істің мән-жайына көз жеткізу үшін арнайы сарапшылар автобустардың қатынау жиілігін тексерген. Нәтижесінде, кемі 20 шақты автобус жүруі тиіс үш бағытқа бар болғаны 10-ақ көлік қатынап келгені анықталды. Соның салдарынан жолаушылар аялдамада сағаттап уақыт жоғалтуға мәжбүр болған. Қазір жауапсыз тасымалдаушы компания жұмысын тоқтатты. Енді бұл міндетті басқа мекеме атқарады.
Марат Тұңғышбаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Тұрғындардан түскен толассыз шағымға орай бұрынғы тасымалдаушымен арадағы келісімшартты бұзуға тура келді. Өйткені автобустар кестеге сай жүрмей, жолаушылар әбден қиналды. Қазір жаңа компания жұмысын бастады. Ол біз қойған талапқа сай сапалы қызмет көрсетеді деп ойлаймын.
Светлана Абакумова, қала тұрғыны:
- Көзіміз ашылды. Автобусты бұрын сағаттап сарылып күтетін едік. Қазір жиі қатынап, барыс-келіс жеңілдеп қалды.