Алматы облысында «Әкімдер мектебі» жобасы талқыланды

Алматы облысында «Әкімдер мектебі» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. Оқыту бағдарламасы 240 академиялық сағатты қамтиды. Оның 100 сағаты ауылдық округтердің скринингін жүргізуге және жеке қосалқы шаруашылықтардың экономикалық әлеуетін талдауға арналады. Сонымен қатар әкімдерге 17 оқу модулі бойынша оқыту жүргізіледі.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаевта ауыл әкімдерімен кездесті. Басқосуға шалғайдан келген 50 мемлекеттік қызметкер қатысты. «Ауыл әкімі әуелі елмен етене қарым-қатынас орната білетін, заман талабына сай белсенді де іскер басшы болуы тиіс. Ауылдарда, әсіресе әлеуметтік салада шешілмей жатқан мәселе аз емес. «Сондықтан жергілікті жұртпен тіл табысып, ұтымды шешім қабылдау ауыл әкімдерінің басты міндеті», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Жаңа ықшам аудандар көшелер пайда болуда. Сол себептен ең бірінші кезекте халыққа дұрыс түсіндіру керек. Мектеп пен балабақшаның жағдайы, медициналық қызметтің сапасы, мәдениет нысандарының қолжетімдігілігі ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін факторлар.

Ауыл әкімдері Қонаевта арнайы оқудан өтіп жатыр. 240 сағаттық бағдарламаны қамтитын «Әкімдер мектебін» ұйымдастырудағы басты мақсат – әр сала бойынша ауылдың әлеуетін көтеру. Бұл бастама жергілікті басқару сапасын жақсартуға және ауылдық округтердегі экономикалық өсімді арттыруға бағытталған.

Қазыбек Дәуітәлиев, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры:

- Мысалы кемінде 10 мың тұрғыны бар елді мекендерде индустриялдық аймақ ашылуы керек. Бұл дегеніміз не? Инфрақұрылым. Инвесторлардың келуіне жағдай жасалады.

Алматы облысында 134 ауылдық округ болса, оның 108-нің басшысын халық өзі сайлаған. Жоба аясында әкімдер жергілікті бюджетті тиімді басқару, мемлекеттік сатып алулар мен салық салу, экология және қоршаған ортаны қорғау, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдану сияқты негізгі бағыттар бойынша білімдерін жетілдіреді. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов