Алматы облысы Ақши ауылында ауыз су құбыры жаңартыла бастады
Алматы облысының Іле ауданындағы Ақши елді мекенініне ауыз су жеткізуге арналған орталықтандырылған су құбыры ауыстырыла бастады.
Жергілікті атқарушы органдар ауыл халқы қыстың күні тіршілік нәрінсіз қалмауы үшін мердігерді анықтап, ұзындығы 2 шақырымнан асатын ескірген құбырды шұғыл ауыстыру туралы шешім қабылдады. Қазір онда тиісті мекемелер мен мердігер компания өкілдері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Ақшидегі ауыз су тапшылығы мәселесін біз бұған дейін де бірнеше рет көтергенбіз. 6 қараша күні ұзындығы 72 шақырымдық «Бозой топтық су құбыры» жүйесінің 48 және 51-шақырымы аралығында апат болды. Әбден ескіріп, тозған құбыр әр жерден тесіліп, істен шығып қалғандықтан тұрғындарға тіршілік нәрі Іле ауданындағы Шабыт ауылы мен облыс орталығы Қонаев қаласынан арнайы көліктермен тасымалдануда.
Жандос Бейсен, учаске басшысы:
- Қазба жұмыстары аяқталып, екі шақырым трубамыз келіп жатыр. Қазір жалғау жұмыстары жүріп жатыр. Құдай қаласа, бір аптаның көлемінде бітіреміз деп отырмыз. Трубаны тастап, көміп, колодецтарын қойып, жалғап береміз.
Ғабит Рахымбай, Күрті ауылдық округінің әкімі:
- Бұл құбырды айта кетсек, 1972 жылы салынған. Қазіргі таңда 50 жыл өтті. Құбыр тозығы жеткен, шіріген. Біздің «Казводхоз» мекемесінің балансында тұрған құбыр. Қазіргі таңда проект жасалып, экспертизадан өтіп, 7,4 млрд қаражат бөлінгенін күтіп отырмыз. Енді сол қаражат бөлінсе, Ақши ауылымызға су келеді деген ойдамыз.