Алматы облысында туризм саласының өкілдері марапатталды
Алматы облысында Дүниежүзілік туризм күніне орай туристік сала өкілдерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Өңір басшысының бірінші орынбасары Қанат Есболатов туризмнің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға туризм және спорт министрінің алғыс хаты мен құрмет грамотасын табыстады, деп хабарлайды 24KZ.
Алматы облысы – туризмді дамытуға өте қолайлы өңірдің бірі. Бұл тұрғыдан еліміз бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын айта кетейік. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық табиғи паркіне 2,3 млн турист ат басын тіреген. Ал Қапшағай су қоймасының жағалауына жазғы шомылу маусымында 2 млн демалушы келді.
Қуанышбек Мирамбекұлы, Алматы облыстық Туризм басқармасының басшысы:
– Өздеріңіз білетіндей, Алматы облысы – туризм саласы дамыған өңірлердің бірі. Шетелдік туристер саны бойынша Қазақстанда үшінші орындамыз. Сондай-ақ туризмнен түсетін табыс көлемі бойынша да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Мұның барлығы – туризм саласында еңбек етіп жүрген мамандарымыздың арқасы.
Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы төрт жылда өңірдегі орналастыру орындарының саны 28%-ға артып, келушілер қатары 86%-ке өсті. Ал көрсетілген қызметтер көлемі 15,6 млрд теңгеге жеткен.
Гүлмира Нысанбаева, «Шарын» МҰТП директоры:
– «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туризм бөлімінде еңбек жолымды бастағанмын. Бүгінде осы салада 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келемін. Мені бүгін осындай марапатқа ұсынғандарына шексіз алғысымды білдіремін. Баршаңызға үлкен рақмет!
Өңірде биыл «Қымызмұрындық», «Байсерке аспаны» авиашоуы, Sokol Fest, Tengri Ultra, Oceanman сияқты фестивальдер мен ірі жарыстар өтті. Өңірдің туристік нысандарында Netflix компаниясының түрлі жобалары, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі актерлер мен әншілердің қатысуымен кинофильмдер түсірілуде.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов