Федоров ауылында әлеуметтік баспана салынып жатыр
Қостанай облысының Федоров ауылында 28 үй салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Барлығы 77 пәтер жыл аяғына дейін тапсырылады. Баспаналар кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасыларға арналған.
Федоров ауылында бұрын-соңды болмаған ауқымды тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Жаңа үйлер тізбегінен бүтін бір көшелер пайда болған. Екі пәтерлі, төрт пәтерлі, екі қабатты баспаналар сәулет жағынан көз тартады. Осы үйлерді мұқтаж жандарға сатып алуға бюджеттен 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінген.
Рақым Байменов, мердігер:
- Әр шаршы метрінің құны 260 мың теңгеге шығып отыр. Бастан-аяқ әрленген. Еденіне линолеум төселіп, төбесі тартылған, есіктері, бүкіл сантехникасы орнатылған, Газ пеші, плитасы бар. Бәрі дайын, кір де тұра бер.
Әлеуметтік жағынан осал топқа жататын азаматтарды баспанамен қамту бағдарламасы бойынша үйлерді жеке компаниялар өз қаржысына салады. Кейін оны әкімдік сатып алады. Сапа мәселесіне екі жақ та жауапты.
Федоров ауылында биыл арнайы бағдарламамен 28 тұрғын үй, барлығы 77 пәтер тапсырылатын болады. Әрқайсысының аумағы шамамен 80 шаршы метр. Газ, жылу, барлық инженерлік коммуникация өткізілген бұл үйлерге келер жылы кезекте тұрған отбасылар қоныстанады.
Қазір Федоров ауданында 400-ден аса адам үй кезегінде тұр. Газ, суы тартылған ауылдарда баспанаға сұраныс жоғары. «Сондықтан тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ететін мұндай бағдарламаның маңызы зор», – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Карина Мұратова, Федоров ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл жаңа бағдарлама. Үйлерді бөлуге әкімдік араласпайды. Кезекте тұрғандарға пәтерлер әлеуметтік тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын негізгі оператор арқылы беріледі. Бастапқыда жалға берілетін бұл үйлерді болашақта жекешелендіру жағы да қарастырылады.
Биыл Қостанай облысында жарты миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде 500 пәтер кезекте тұрған азаматтарға бюджет есебінен сатып алынады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг