Алматылықтар көлік салығына 4,5 миллиард теңге қарыз

Мегаполисте «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Айыппұлдарын төлемей, салық берешегі бар және алимент төлеуден жалтарғандар анықталды. Бірнеше күн ішінде төрт миллион теңгеден аса әкімшілік айыппұл өндірілді.

Бүгінгі таңда 36 мыңнан астам қала тұрғыны көлік салығын төлемей жүр. Берешек көлемі 4,5 миллиард теңге. Алматы көшелерінде арнайы тексерістер жүріп, құқық бұзушылар анықталды. Полиция тоқтатқан мына бір такси жүргізушісінің 400 мың теңгеге жуық айыппұлы бар екен. Тәртіп сақшылары көлікті сол жерде-ақ айып тұрағына алып кетті. Жедел шара басталғалы кейбір көлік иелері салықтарын және әкімшілік айыппұлдарын тоқтатқан сәтте төлеп үлгерді.

Сұлтанәлі Рахматуллаев, Бостандық ауданы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы:

- Ондай көлік құралдары немесе жүргізушілер анықталған кезде оларға әкімшілік айыппұлды мәжбүрлі түрде өтеу міндеттеледі. Ал әкімшілік айыппұлдарды өтемеген жүргізушілердің көліктері арнайы айып тұрағына қойылады. Осы іс-шара басталғалы бері екі күн ішінде 14 автокөлік арнайы тұраққа қойылды және 4 миллион теңгедей әкімшілік айыппұлдар өндірілді.

Алматыдағы жеке сот орындаушылар қазір 19 мыңнан аса құжат бойынша алимент өндіру ісін жүргізуде. Соның шамамен 3 мыңнан астамының қарызы мүлде өтелмей тұр. Олардың берешегі 8 миллиард теңгеден асады. Алименттен жалтарғаны үшін жеті адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. «Қарыз туралы ескерту алғаннан кейін де төлем жасамайтындарға санкциялар қолданылады», - дейді мамандар.

Айдын Қайдаров, Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы:

- Алимент бойынша қаразын өтемеген адамдарға барлық мүліктеріне тыйым саламыз. Содан кейін автокөліктерін тоқтатып, айып тұрағына қою шаралары қолданылады. Одан кейін олар ары қарай қарыздарын жаппаса, бағаланып аукцион арқылы сатылады. Әкімшілік, қылмыстық жауаптарға тартамыз. Осы жылдың 11 айында 600-ден астам адамды әкімшілік жауапқа тарттық. Жеті қылмыстық іс: бас бостандығынан айыру туралы, борышкерлерді, алименттер бойынша үкім шықты.

Құқық қорғау органдары азаматтарды заң бұзбауға шақырды   және ыңғайсыздықтың алдын алу үшін қарыздарды уақытылы өтеуге үндеді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов