Солтүстік Қазақстан облысында үш теміржол вокзалы жөнделеді
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 3 теміржол вокзалы жөнделеді.
Олар ішкі қалалар мен Ресей Федерациясына баратын бағыттар. «Бұл жолаушыларға сапалы қызмет көрсетумен қатар жүк тасымалының дамуына да тың серпін береді», - дейді мамандар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының орталығындағы «Жаңа Есіл» теміржол станциясы. Нысан 1964 жылы салынған. Содан бері қырлап сырлаудың арқасында осы күнге әрең жеткен ғимарат биыл адам танымастай кейіпке енеді.
Новоишимск ауылындағы темір жол вокзалын жөндеуге 612 млн теңге қарастырылған. Жоба бойынша ескі ғимарат толық қалпына келтіріліп, әбден тозған жылыту және электр желілері ауыстырылады.
Кәрібай Шаяхин, мердігер ұйымның директоры:
- Мынау үстіндегі крыша бәрін бұзғаннан кейін жаңадан бәрін салып бітіріп, енді жұмыс аяқталуға жақын қалды. Бүгінгі күні жұмыстарды мынау айтады ғой барлық ақырғы жұмыстар қалды.
Ғабит Мүсірепов ауданының орталығында 12 мың адам тұрады. Қазір бұл станция арқылы жолаушылар Астана, Атырау, Орал, Қостанай, Қарағанды және Павлодар қалаларына қатынайды.
Ерлан Рақымжанов, теміржол вокзалының бастығы:
- Кісі айналымы 80 адамдай жүреді. Отырып, түсіп. Өйткені бұл жерде қазір жұмыс орындары көбейіп жатыр. Сол себептен бұл жерде қазір өте халық келіп жатыр. Сол себепті бұл вокзалдың да жасалуы бәрі реттелуі осыған қарай түзетіліп жатыр.
Биыл Қазақстан бойынша осындай 125 темір жол вокзалы жөнделеді. «Бұл көлік логистикасын дамытуға да тың серпін береді», - дейді мамандар. Мәселен, жыл басынан бері Ғабит Мүсірепов ауданындағы станциядан 1 млн 600 мың тонна тауар жөнелтілді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков