Ақмола облысында сегіз спорт кешені салынды
Көкшетауда қайтарылған активтер қаражаты есебінен жаңа спорт кешені салынып жатыр. Үкімет жобаға арнаулы мемлекеттік қордан 12 миллиардтан астам теңге бөлді. Нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Жалпы биыл өңірде сегіз спорт нысаны ел игілігіне берілді.
Жаңа ашылған спорт нысанының бірі Щучинскте орналасқан. Көпфункционалды кешенде бір мезетте 500-ге жуық адам жаттыға алады. Айта кету керек, бұл - курортты қалада бой көтерген алғашқы спорт сарайы.
Әнел Шоқаева, Еркін күрестен республикалық жастар ойындарының жеңімпазы:
- Біздің кезде ондай болған жоқ. Қазіргі таңда салынып жатыр. Өте керемет, әсем, ішінде бассейні бар. Бұрын болмаған спорттарды да салып жатыр. Водный поло, жүзу, дзюдо, грек-рим. Бізде ондай спорт түрлері болмаған, сондай олимпиадалық спорттарды енгізіп жатыр. Осындай спорт кешенінде жаттығу жасағаннан үлкен жетістіктерге жетеміз деп ойлаймыз.
Дәл осындай заманауи спорт нысаны облыс орталығында да салынып жатыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Жаңа спорт кешені шаһардағы «Сарыарқа» шағын ауданында бой көтеруде. Екі қабатты ғимарат бір мезетте мың адамға дейін қабылдай алады. Нысанның жалпы аумағы 12 мың шаршы метр. Бүгінде кешендегі негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа нысанда олимпиадалық стандарттарға сәйкес жасалған бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған заманауи залдар бар. Онда республикалықтан бөлек әлемдік деңгейдегі бәсекелерді өткізуге мүмкіндік бар. 650 орынға арналған мәдени шараларды өткізетін мультимедиялық зал да болады.
Медет Бірімбай, жоба жетекшісінің орынбасары:
- Қазіргі таңда нысанымыз 95 пайызға аяқталды. Сыртқы абаттандыру жұмыстары 100 пайыз бітті десек болады. Ішкі жұмыстардан техникалық жабдықтар қою және тазалау процестері жүріп жатыр.
Жалпы биыл аймақта 12 спорт кешенін салу жоспарланған. Соның сегізі қолданысқа берілді. Қалғанының құрылысы желтоқсанда аяқталады. Жаңа нысандардың көбі ауылдарда салынып жатыр.
Аян Шөкенов, Жоғары спорт мектебінің директоры:
- Көкшетау қаласының жанындағы Красный яр деген ауылымыз бар. Сол жердегі спорт кешені міне, желтоқсан айында есігін ашады. Тағы да үш нысан, Бестөбе ауылында Степногорск қаласына қарасты және осы Көкшетауда және Қорғалжын ауылында ашылады.
Биыл өңірде қайтарылған активтер есебінен тағы бір спорт кешені мен екі медициналық нысан салынды. Сонымен қатар сумен жабдықтау саласында 28 жоба қолға алынды. Оған 21 миллиардтан астам теңге бөлінді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко