Марқакөлде 24 шақырым жол жөнделді
Омбы–Майқапшағай республикалық маңызы бар күре жолының Марқакөл ауданының орталығы мен Қалжыр ауылының арасындағы көп жылдан бері қирап, апатты жағдайға жеткен 24 шақырымы толықтай қалыпқа келтірілді. Тұрғындардың айтуынша, бұл аралыққа соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 45 жыл бұрын жасалған. Содан бері жол бөлігі қараусыз қалып, уақыт өте келе асфальт қабаты мүлде жаншылып, әр жері ойылып, еңіс жерлерде көлік жүргізу тым қауіпті бола бастаған. Жолдың нашарлығы салдарынан бұл учаскеде жол-көлік оқиғалары жиілеп, жергілікті халық бірнеше жыл қатарынан шағымданып келген еді.
Қалжыр-Марқакөл бағыты соңғы рет осыдан 45 жыл бұрын жөнделіпті. Мамандардың айтуынша,ол кезде материалдың қаттылығынан қиыршық тас пен битум қоспасы ғана төселген. Осы күнге дейін тозығы жеткен автожол жолаушыларды әбден әуреге салды. Биыл бұл учаске назарға алынып, алғашқы 24 шақырымы жаңартылды. Бұл шекарадағы жұртты бір серпілтіп тастады.
Шаяхмет Қырықбаев, ауыл тұрғыны:
- Жолды биыл салды, мынадай жол өмірі болған емес. Айтар жоқ, үш қабат қылып салды. Рақмет. Табытының ар жағында бір белгі болған сол жерге дейін бітіреміз деп еді, бітірді.
Жол учаскесін жөндеу барысын техникалық қадағалау компаниясының мамандары жіті бақылады. Құрылыс материалының құрамы, төзімділігі, көлік салмағына шыдас беруі сынды талаптың бәрі ескерілді. Талай жыл жаңбыр мен қар суы шайған ескі жолға еселеп асфальт төсеуге тура келген.
Әділбек Нұрпейісов, техникалық қадағалау компаниясының бас инженері:
- Көктайғақ кезінде өте қауіпті, сондықтан екі қабат ыстық асфальт жасадық, кей жерлерде тіпті үш қабаттан, жолдың шетін көтеріп алу үшін, қияларын кетіру үшін мердігер үш қабат жасады.
Жөндеу тек жол төсеумен ғана шектелмей, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға да басымдық берілген. Күре жол бойына бұрын-соңды болмаған аялдамалар орнатылып, қажетті абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Сонымен қатар жол таңбаларын қою жұмыстары орындалды, сонымен қатар, бүгінге денйін болмаған үш елді мекенге автобус аялдамалары орнатылып, ескірген жол белгілері жаңартылды.
Қалжыр-Марқакөл бағытының халықаралық маңызы зор. Ол – күзде ғана қолданысқа берілген Омбы-Майқапшағай дәлізінің бір бөлігі. Әрі шығыстың інжу-маржаны саналатын Марқакөлге апарады. Яғни туристік әлеуетті де арттырады. Жалпы 54 шақырым қашықтықтың қалған бөлігін келер жылы жөндеу жоспарланып отыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Қалжыр Марқакөл бағыты тақтайдай болғанмен, тағы бір жолдың мәселесі шығып тұр. Марқакөл ауылынан көл басына дейінгі 60шқ жолдың тозығы жеткен. Оны жөндемей туризмді дамыту туралы айту да ерте. Алайда ол учаске орман қорына тиеслі. Демек аддымен оны сол теңгерімнен транспорттық мақсатқа ауыстырып алу қажет дейді мамандар. Тек содан соң ғана жол құрылысына инвестор тартуға болады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов