СҚО-ға асылтұқымды мал әкелінді

Солтүстік Қазақстан облысына Германиядан 165 бас асылтұқымды ірі қара әкелінді.  Мағжан Жұмабаев атындағы ауданға қарасты Советское ауылында Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы – сүт фермасы салынып жатыр. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша төменпайыздық несие алып, мал шаруашылығын дамытуды көздейді. 

Құнажындар Германиядан елімізге ұшақпен, ал Советское ауылына жүк көліктерімен жеткізілді. Енді олар карантинге қамалып, ветеринарлардың бақылауында болады. Бұл – Қараала голштин тұқымының екінші партиясы. Бұған дейін кәсіпкер Украинадан 256 бас сиыр әкелген.

Николай Кляйн, «СК Агро 2050» ЖШС директоры:

- Мемлекеттің зор қолдауы арқасында жеңілдетілген несие алып, заманауи тауарлы – сүт фермасын салдық. Қаржы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен берілді. Бұл өте ыңғайлы шарт. Кешенде Орталық Азиядағы ең үлкен сауын залы болады. Онда бір уақытта 100 сиыр сауылады. Қазір қондырғылар монтаждалып, желтоқсан айының соңында толық іске қосылады.

Кәсіпкер әр құнажынға мемлекеттен қосымша 700 мың теңге субсидия алады. Қазір  ауылда 10 мың басқа арналған жасанды интеллект енгізілген заманауи тауарлы – сүт фермасы салынып жатыр. Жоба құны – 8 млрд. теңге. Президент тапсырмасымен «Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы сүт фермалары» тәжірбиесі республика бойынша таратылды. 

Талғат Наурызбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы және Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл сегіз ферманы енгізейін деп отырмыз. Бұның ішінде ең үлкен жобалар бар. Бұл жобалар бізде «Буденное СК» 1200 басқа, «Неженка-Ерке» 600 басқа және де «АгроТехника-Жамбыл» жуырда ашылды 400 басқа салынған. Бұл фермаларға біз шетелдерден малдарды әкеліп жатырмыз. Голштинская-фризская тұқымы. Облыс бойынша бүгінгі таңда 1700 бас әкелдік.

Облыс бойынша 110 тауарлы – сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Оның 42-і заманауи кешен. «Бұл қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков