Қазақ-қытай жазушылары тарихи келісім жасасты
Қазақ-қытай жазушылары тарихи келісім жасасты. Енді екі елдің қаламгерлері өзара тәжірибе алмасып ортақ жобаларды жүзеге асырады. «Бұл шығармашылық алмасуды дамытып, әдебиет пен мәдениет саласындағы ынтымақты нығайтуға жол ашады», - дейді қалам ұстаған қауым.
Қазақстан мен Қытай арасында дәл мұндай келісім алғаш рет жасалып отыр. Енді қос елдің ақын-жазушылары өзара шығармаларын аударып, жариялайды. Әдеби форумдар, поэзиялық кештер өткізіп тәжірибе алмасады. Құжатқа Бейжіңде өткен «Қазақ-қытай қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясы кезінде қол қойылды.
Рухани байланысты тереңдетуге бағытталған іс-шараға танымал жазушылар, ғалымдар мен әдебиеттанушылар қатысты. Олар ынтымақтастықты жандандыру туралы пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Мереке Құлкенов, Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы:
- Екі елдің жазушыларының бір-бірімен араласуына танысуына, білуіне, сыйлап құрметтеуіне қажетті нәрсе ғой. Сонымен бірге жас аудармашыларды дайындасақ деген ойымыз бар. Екі елде. Мына аударма мәселесіндегі көптеген түйткілдерді, мәселелерді шешуге болады деп ойлаймын.
Конференция барысында қазақ пен қытайдың жазушылар одағы әдеби журналдар мен баспа ұйымдары арасындағы байланыстарды дамытуға уағдаласты. Сондай-ақ әдеби жобалар мен антологиялар шығару туралы келісті.
У Ицин, Қытай жазушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- Қытай жазушылар қауымдастығы халықаралық әдеби алмасуларға ерекше мән береді. Біз Қазақстан жазушылар одағымен бірге мәдениеттер диалогын тереңдетуге, ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Қазақ-қытай қатынастарының «жаңа алтын отыз жылдығын» құруға тың әдеби шығармалармен үлес қосуға болады.
Жиын аясында шығармашылық кездесу өтті. Ақындар қазақ-қытай тілдерінде өлең оқып, еркін пікір алмасты. Домбыра шертіп, ән айтылды. Тараптар аударма жұмыстарын жаңа деңгейге шығаруға келісті. Сондай-ақ қазақ-қытай әдебиетінің шығармашылық дамуын жүзеге асыруға арналған ортақ редакциялық орталық құру туралы келісім жасасты.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын