Маңғыстауда жаңа мектеп ашылды
Маңғыстау облысы Рахат ауылында жаңа мектеп ашылды. 1200 орындық оқу орны «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды.
Білім мекемесінде 61 арнайы кабинет бар. Оның ішінде STEM зертханалары, робототехника, дизайн және технология, мәдениет және өнер, тамақтану мәдениеті, инклюзивті білім беру кабинеттері қамтылған. Ашылу салтанатына өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай барды. Сондай-ақ облыс әкімі Жаңаөзенде өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты. Байрақты бәсекеде 600 астам спортшы бақ сынап жатыр.
Манарбек Бисекенов, «Маңғыстау облысының спортты дамыту дирекциясы» КММ басшысы:
- Өңірімізде осы Жаңаөзен қаласында әлем чемпионаты жүлдегері, Азия чемпионатының жүлдегері Махамбетов Мерей, сол секілді жас спортшыларымыз өсіп келе жатыр. Одан бөлек, биыл Маңғыстау облысының құрама командасы Семейде өткен ересектер арасында командалық есепте бірінші орын алдық. Енді міне, өздеріңіз көріп отырғандай, Жаңаөзен қаласында өткізіп отырмыз. Бұл мұнайдың – өлкесі, батыр қала. Алайда бұл жерде тек мұнай ғана емес, басқа спорт түрлерімен айналысатын азаматтар бар екенін білесіздер.
Бұдан бөлек, облысы әкімі аймақтағы құрылыс қарқынын бағамдады. Әкім 350 орындық қосымша білім беруге арналған «Bolashaq Saraiy» оқушылар орталығы ғимаратының құрылысын аралады. Сондай-ақ жыл басында ашылған көпфункционалды «Мұз айдыны» спорт кешенінің жұмысымен танысты.