Қазақ пен Қытай шекарашылары оқу-жаттығу жиынына қатысты

Алматы облысының таулы аймағына жиналған сарбаздар шартты шабуылды тойтарып, шекараны заңсыз кесіп өтпек болған топтарды құрықтап машықтанды. Жиында қос елдің ортақ іс-қимылы пысықталып, арнайы мақсаттағы әуе техникалары қолданылды.

Алтай мен Атыраудың арасындағы атырап. Қазақ даласы бес бірдей мемлекетпен шектесіп жатыр. Яғни, көршілермен келісіп бітіретін іс көп. Ол – арадағы алыс-беріс пен барыс-келістің тұрақтылығы, елдің шеті түйіскен тұстағы қауіпсіздік. Осы мақсатта Алматы аймағының таулы аумағында оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған біздің жауынгерлермен қатар Қытай сарбаздары да қатысты. Жиында шекарашылардың біліміне білік қосылды, тәжірибесі шыңдалды.
Қуаныш Әділов, ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы «Райымбек» аудандық шекара басқармасы бастығының орынбасары:

- Біз қазір таулы аймақта тұрмыз, жер бедері өте күрделі. Қиын учаскелердің бірі деуге болады. Дегенмен шекара қызметінде ондай түсінік жоқ, қауіпсіздік қалайда бақыланады.

Қазақ шекарасы шегенделген. Дегенмен, шепті заңсыз кесіп өтуге бейілді бұқара да бар. Айталық, шекарашылар он айда 4700-ден астам басбұзарды анықтады. Оның 4 мыңы – шетелдік. Бұл жолғы оқу жаттығуда да осы мәселе пысықталды. Сарбаздар шартты шабуылдарды тойтарып, құқық бұзушыларды құрықтап машықтанды. Жиынға жергілікті жұрт та атсалысты.

Расул Тұрғанжанов, Көлжат ауылының тұрғыны:

- Бірде тауға барғанымда бейтаныс адамды көрдім. Ол менің күмәнімді тудырды, сол туралы бірден шекарашыларға хабарладым. Олар оны ұстады, ол шекара бұзушы болып шықты.

Қуаныш Әділов, ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы «Райымбек» аудандық шекара басқармасы бастығының орынбасары:

- Ежелден айтылып келе жатқан, тіпті тозығы жеткен тіркес бар — шекараны бүкіл халық қорғайды. Шекарашылар әрдайым жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл жасап келеді. Бұл оқу-жаттығуда ерікті жасақтар жұмылдырылы. Олармен тығыз байланыста болып, олардың деректерін және өз мәліметтерімізді қолдана отырып, қажетті шешімдер қабылдаймыз.

Сондай-ақ жергілікті жерді барлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен радиолокациялық станциялар сынақтан өтті. Ондағы мақсат  құқық бұзушылықты болдырмау, тыйым салынған тауар түрлерінің тасымалын тоқтату. Биылдыққа жүктерді заңсыз өткізудің 1 708 фактісі анықталды. Бұл шекарашылардың қажырлы қызметінің көрсеткіші. Қош, ел шеті жіті бақылауда. Сарбаздар сақ, шекера шебі бүтін.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы