Елдегі барлық супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы басталады
22 мен 31 желтоқсан аралығында елдегі барлық супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы басталады. Науқан аясында әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмендетілген бағада сатылады. Сондай-ақ мереке қарсаңындағы қымбатшылықты болдырмау мақсатында өңірлерде ай бойы 800-ден аса азық-түлік жәрмеңкесі өтеді. Қазірге дейін 149-ы ұйымдастырылды. Бұл жайында елорда өткен Инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте айтылды. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті.
Басқосуда азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасы бағамдалды. Халыққа қажетті өнімдердің құнын тұрақтандыру ісі пысықталды. Сондай-ақ тауарлардың тапшылығын болдырмау жайы қаралды. Серік Жұманғарин жылыжай көкөністерінің, әсіресе қияр мен қызанақтың маусымдық қымбаттауын ескере отырып, шекарадағы өткізу бекеттерінде түрікмен көкөністеріне шұғыл түрде «жасыл дәліз» ұйымдастыруды тапсырды.