«ҚазАгроҚаржы» АҚ жылды қорытындылады

«ҚазАгроҚаржы» компаниясы жеңілдетілген лизинг бойынша жылдық жоспарды артығымен орындады.

Биыл 10 мыңнан астам техника сатып алу үшін 266 млрд теңге жұмсалды. Ең жоғары көрсеткіш Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарында тіркеліп отыр.

Компанияның Павлодар облысындағы филиалының мәліметі бойынша, биыл аймаққа рекордтық көлемде инвестиция құйылды. Ал филиалдың несиелік портфелі 76 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 60 пайызға көп. Саладағы серпіліс жеңілдетілген лизингпен тікелей байланысты. Бағдарламаға сұраныс жоғары. Өйткені пайызы төмен және кепілдік талап етілмейді.

Байсал Алпысбай, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры:

- Биыл 28,5 млрд теңге рекордтық сомада инвестиция құйылып отыр. Лизингке техника беріп отырмыз. 7 жылға 5%-ға беріледі. Бірінші төлемақысы 1 желтоқсанда, егіс жұмыстары біткен соң, диқаншылар құя алады.

Биыл елде «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы шеңберінде 10 мыңнан астам техника сатып алуға қаржы берілді. Нәтижесінде жүздеген агроқұрылым өз автопаркін жаңартуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ отандық өнімдерге басымдық беріліп, баға тұрақтылығы сақталды. Ал цифрлық жүйелер құжат рәсімін едәуір жеңілдетті.

Еркебұлан Жұмжаев, «Қазагроқаржы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Онлайн сервисті аштық. Ол сервисте шешім 10 минуттың ішінде беріледі. ЖИ цифрларды өзі тексеріп, жоспар жоспар жасап, одан бөлек біздің мемлекеттік органдармен ақпарат бөлісіп, 10 минуттың ішінде шешімге жететін болды.

Қазіргі таңда «ҚазАгроҚаржы» компаниясы елдің 15 өңірін қамтып отыр. Соның ішінде ірі филиалдары Қостанай, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Компанияның барлық несие портфелінің жартысынан көбі дәл осы аймақтарға тиесілі.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Досбол Байділдин