Аида Балаева Алматының білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді талқылады
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Алматының әлеуметтік салаларын дамыту басымдықтары талқыланды.
Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қатысты негізгі мәселелер қаралды. Сондай-ақ әлеуметтік салада цифрлық шешімдерді енгізу жайы сөз болды.
Вице-премьердің Алматыға жұмыс сапары қыркүйек айында пайдалануға берілген №214 жаңа мектептен басталды. Мұнда алматылық педагогтермен кездесу өтті. Жиында жекеменшік мектептерді қаржыландыру және мемлекеттік балабақшаларда балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Жұмыс сапарының негізгі бөлігі Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен қала активінің өткен кеңесі болды.
Алматыдағы мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде кадрмен қамтамасыз ету, басқару сапасы және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар жүйелі проблемалар сақталуда. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Қалада 1065 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 866-сы – жекеменшік. Шамамен 86 мың бала қамтылған. Алайда 2 мыңнан аса педагог жетіспейді, оның 90 пайызы жекеменшік секторға тиесілі. Мектептердегі оқушылар саны жыл сайын 10–13 мыңға артып отыр, ал оқушы орындарының тапшылығы 27 мыңнан асады.
Мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беру жүйелеріндегі кадр тапшылығы қала үшін өзекті мәселе болып отыр. Кадр даярлауды жоспарлау кезінде еңбек нарығының қазіргі және болжамды қажеттіліктерін ескеру қажеттігі айтылды.
Цифрлық шешімдерді енгізу, жекеменшік балабақшалар мен мектептерді қаржыландыру барысында айтарлықтай заңбұзушылықтарды, оның ішінде жалған есептер мен құжат жүзінде жұмыс істейтін, бірақ кеңсеге келмейтін жандарды анықтауға мүмкіндік берді. Осыған байланысты жеті жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға жіберілмеді. Аида Балаева цифрландыру бұл салада тәртіп орнатудың қажетті құралы екенін атап өтті.
Вице-премьердің айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану бір жағынан сын-қатер тудырса, екінші жағынан айқын артықшылықтар береді. Бұл мүмкіндіктерді, ең алдымен, үдерістерді оңтайландыру үшін пайдалану қажет.
Ғылым және жоғары білім Вице-министрі Гүлзат Көбенованың мәліметінше, Алматыда 236 мың студент білім алуда, бұл елдегі барлық студенттердің шамамен үштен біріне тең. 2032 жылға дейін талапкерлер саны жыл сайын 23–24 мың адамға дейін артуы мүмкін. Бұл инфрақұрылымды дамытуды қажет етеді. Көптеген колледжде заманауи инфрақұрылым тапшылығы сақталуда. Кейбір мамандықтар, әсіресе жасанды интеллекттің дамуына байланысты, өзектілігін жоғалта бастады.
Аида Балаева білім берудің барлық деңгейінің өзара тығыз байланысты екенін атап өтіп, мектептің тәрбиелік рөліне және Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» қағидаттарын қамтитын идеологиялық платформаларын жүйелі түрде енгізу қажеттілігіне назар аударды.
Сондай-ақ мегаполистегі медициналық қызметтің жай-күйі мен даму перспективалары, денсаулық сақтау инфрақұрылымына түсетін жүктеме, маман тапшылығы талқыланды. Аида Балаева мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметіне тоқталып, көрсетілетін медициналық қызмет сапасына қатысты азаматтардың шағымы барын айтты. Денсаулық сақтау министрлігі мен қала әкімдігіне тұрғындардың талап-тілегін ескеруді тапсырды.
Алматыда 418 медициналық ұйым жұмыс істейді. Кадр тапшылығы 1100 маманнан асады, оның ішінде 400-ден астам дәрігер бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту деңгейі 80 пайызға жетті. Дегенмен сақтандырылмаған немесе тұрақты сақтандырылмаған азаматтар саны 460 мыңнан асады.
Аида Балаева әрбір медициналық ұйым бойынша терең талдау жүргізу қажеттігін атап өтті. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру – жалған есеп пен бұрмалаушылықты болдырмау мақсатында енгізілуде.
Әлеуметтік қолдаудың ашықтығы жеке тақырып ретінде қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, деректерді цифрлық салыстыру нәтижесінде Алматыда атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз алу тоқтатылды. Бұл 10 мың отбасыға қатысты.
Кеңестер мен кездесулерді қорытындылай отырып, Премьер-Министрдің орынбасары Алматы қаласының әлеуметтік саласындағы анықталған проблемаларды жоюға және оның тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.
Вице-премьер Аида Балаева сондай-ақ Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен де кездесу өткізді. Қала тіршілігінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу болды. Кеңес мүшелері қала құрылысы, тарихи-мәдени мұраны сақтау, идеология саласындағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар өзекті ұсыныстарын айтты. Вице-премьер Қоғамдық кеңес мүшелеріне белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдіріп, қала әкімдігі құрылымдары мен Қоғамдық кеңес арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту қажеттігін атап өтті.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жақыпов