Павлодар облысында ауылда спорт кешені ашылды

Павлодар облысында биыл 53 спорт нысаны қолданысқа берілсе, соның төртеуі дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Соның бірі Баянауыл ауылында салынды. Қазір онда спорттың тоғыз түрі бойынша 260 бала жаттығады. 

Баянауылдықтар әлеуметтік маңызы зор нысанның ашылуын ұзақ күтті. Жасөспірімдерді еркін күреске баулитын секция 10 жыл бұрын құрылған. Осы күнге дейін тар жерде жаттыққан жастар бірқатар белесті бағындырып үлгерді. Енді олар заманауи ғимаратта шеберлік шыңдап жүр.

Қасым Иманбай, еркін күрестен жаттықтырушы:

- Бізде Баянауылда батыр қызымыз бар, екі дүркін Қазақстан чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының қатысушысы. Оған қарап енді батыр ұлдарымыз да шығып келеді ақырын. Жұмыс істеп жатқаныма он жылдай болды. Еркін күрес өзіме ұнайды.

Еламан Асқар волейболға 10 жасынан ден қойған. Қазір облыс құрама командасында ойнайды. Күн сайын осында екі-үш сағат жаттығады.

Еламан Асқар, спортшы:

- Волейбол басқа спортқа қарағанда қиын деп ойлаймын. Себебі волейболда көп қозғалу керек, неше түрлі қозғалыстарды үйрену керек, оған көп жыл керек. Болашақта әлем чемпионы болғым келеді. Қазір мен республиканың чемпионы болғанмын және үш дүркін жүлдегер болғанмын, облыста бірнеше рет екінші, бірінші орын алғамын.

Спорт кешенінде ұзындығы 25 метр болатын бассейн де бар. Мүгедектігі бар жандар үшін де барлық жағдай жасалған.

Асхат Жапаров, Спорт кешенінің басшысы:

- Осында бір сағатта 80 бала спортпен айналыса алады. Енді мұнда еркін күрес, грек-рим күресі, суға жүзу, волейбол, баскетбол, садақ ату, тоғызқұмалақ, бокс деген түрлері бар. Заманауи спорт кешені салынды, енді ойлаймыз, болашақта осы жерден Әлем чемпионы, Азия чемпионы, Олимпиада чемпиондары шығады.

Баянауылдық спортшылар үшін 2025 жыл табысты болды. Бокстан Азия чемпионы шықса, ал үш спортшы еркін күрестен ел чемпионатында жүлдегер атанды. Жергілікті волейбол командасы республикалық турнирлерде екі, облыстық жарыстарда төрт рет биіктен көрінді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков