Павлодар облысында экотуризмді дәріптеген әулет тұрады

Баянауылдағы Қаражар ауылында тұратын Жүсіпбаевтар отбасы өңірде туризмнің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Олар адам көзіне сирек түсетін жабайы аңдарды фотоға түсіріп, әлеуметтік желілерде бөліседі. Ал өз қолдарымен салған үйлері қонақтан босамайды. Баянауылға жолы түскен саяхатшылар Жүсіпбаевтардың шаңырағына соқпай кетпейді. Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің қойнауы жабайы аң мен құсқа өте бай. Қаражар ауылына бет алған жолда маңғаз бұландар көзге шалынды. Бұл өңірде арқар мен елік, киік те еркін жайылады. Құстардың да сан алуан түрі бар. Табиғаттың осы бір тылсым сәттері Есен Жүсіпбаев орнатқан фототұзақ арқылы таспаға түсіп, көпшілікке  таралып жүр.

Есен Жүсіпбаев, Қаражар ауылының тұрғыны:

- Менің бір әуесқойлығым тауға фото тұзақ қоямын. Содан биыл бір жаңалық ашқаным, бізде бұлан ғана емес, бұғы да бар екен. Оның дене пішіні басқаша келеді, мүйізі басқаша келеді.

Фототұзаққа түскен бұғы Баянауыл ұлттық паркі аумағында тіркелген жануарлар тізімінде жоқ болып шықты. Бұл дерек мамандардың да назарын аудартқан. Жүсіпбаевтар отбасы экологиялық туризмді дамытуға өз үлесін қосып келеді. Олар бұл игі іске балаларын да баулып, табиғатқа жанашырлықты жас кезінен сіңіруде. Қолы қалт еткен сәтте кәдесыйлар  жасап, ұлттық құндылықтарды дәріптейді.

Зура Жүсіпбаева, Қаражар ауылының тұрғыны:

- Біз Баянауылды басқа қырынан танытып жатырмыз деп ойлаймын. Үйімізге қонақ көп келеді. Фотограф, блогер, журналистер мен өнер адамдарын жиі қарсы аламыз. Олар  үйреншікті  туристік бағытпен бармай, ауылдың шынайы өмірін көру үшін Қаражарға ат басын бұрады. Қонақжайлылық біздің қанымызда бар қасиет. Одан алшақтауға болмайды.

Есен Жүсіпбаев көпшілікке алдымен ерекше сәулетімен көз тартқан әсем үйі арқылы танылды. Қабырғасы шыныдан тұрғызылған  баспанада отырып-ақ, айналадағы сұлу табиғатты алақандағыдай тамашалауға болады. Алайда Қаражар ауылында жыл өткен сайын тұрғындар саны сиреп, үйлер қаңырап бос қалып жатыр.

Есен Жүсіпбаев, Қаражар ауылының тұрғыны:

- Көрші тауы жоқ ауылға барсам,  арқасы жоқ орындықта отырғандай боламын. Ал біздің ауылда диван сияқты, арқасы бар, жайланып отырғандай сезінемін. Сосын кеткім келмейді. Осы жерде қалып отырмын. Ауылға жастарды тарту керек. Ауыл сиреп барады. Ауыл алтын бесік қой. Бұл жерден кетуге болмайды.

Республика күні қарсаңында Есен Жүсіпбаев «Туризм саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды.  Бұл отбасында алты бала тәрбиеленуде. Оның үшеуін асырап алған. Туған жерге сүйіспеншілік пен табиғатқа жанашырлық – бақытты әулеттің өмірлік ұстанымы.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков