Ел өнерпаздары әлем назарын аударды
Биыл қазақстандық өнерпаздар үшін жарқын жетістіктер жылы болды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осындай жаңалықтармен бөлісті. Алдымен әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорк төрінде жеке концерт берді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған көрермен жиналып, қазақ өнеріне тәнті болды. Ал жас өнерпаздар ең ауқымды халықаралық жарыстарда топ жарды. Атап айтсақ, Ержан Максим Дубайда өткен Sanremo Best Song байқауында, Александр Лим Қазанда өткен «Жаңа толқын» байқауында, ал Алмагүл Батталиева «Славян базары» фестивалінде Гран-при иегері атанды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл саладағы оқу орындарының 1500-ден астам студенті республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты мен дипломанты атанды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқаны байқалады. Бұл жетістіктер қазақстандық жастардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айқын дәлелдейді.