Түркістанда «Қамқорлық» орталығы ашылды

Түркістанда менталды бұзылуы бар балаларды қолдауға арналған «Қамқорлық» арнаулы қызмет көрсету орталығы ашылды.

Онда балаларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетеді. Президент халыққа  Жолдауында шағын және орта оңалту орталықтар желісін кеңейтіп, ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдерге бірдей мүмкіндік жасауды тапсырған болатын.

Орталық 3-тен 18 жасқа дейінгі 125 балаға 8 бағыт бойынша жартылай стационарлық жағдайда сапалы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Жаңа ғимараттың ашылуына қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров мекеме балалардың өміріне жарық, жүрегіне үміт сыйлайтынына сенім білдірді.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Орталықта 90-ға жуық жұмыс орны құрылып, іргелес жатқан 4 аудан, қаланың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа орталық заманауи құралдармен жабдықталып, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Осы ретте, барлық құрал-жабдықтарға демеушілік жасаған «Samruk-Kazynа», «Қазақстан  халқына» және «Қамқорлық» қорларына шынайы алғыс айтамыз.

Орталық балалардың қосымша білім алып, психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған проекциялық, интерактивті және сенсорлық бөлмелермен, робототехника, арт-терапия кабинеттерімен жабдықталған. Мұнда аутизм және басқа да менталды бұзылысы бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне барлық жағдай жасалған.

Айнұр Қалдыбаева, «Қамқорлық» орталығының директоры:

- Біз баланы 3 жастан қабылдағаннан кейін баланың деңгейіне қарай кабинеттерге бөлеміз. Біздің орталықтың мақсаты - баланы орталықта ұстап қалу емес, баланы қоғамға бейімдеу, дені сау балалар оқитын мектепке, балабақшаға жіберу. Сол дәрежеге жетсе, біз баланы орталықтан шығарамыз.

Еліміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Бүгінгі таңда Түркістан облысында мүгедектігі бар балалардың саны 15 мыңнан асады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш