Қазақстан мен Қытай арасында әуе рейсі артты
Қазақстан мен Қытай арасында әуе рейстерінің саны көбейді. Қазір Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан көрші елдің 8 мегаполисіне ұшып баруға болады.
Бұл барыс-келісті жеңілдетіп, жолаушылар қатынасын арттырды. Сонымен қатар теміржол жүк тасымалы да қарқынды дамып келеді.
Қазақстан мен Қытай арасында қатынайтын әуе рейстерінің саны 84-ке жетті. Осыншама ұшақ апта сайын 15 бағытта үздіксіз жолаушы тасымалдайды. Бүгінде еліміздің үш мегаполисінен Қытайдың Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Сиань, Ханчжоу, Үрімжі, Чэнду және Инин сияқты шаһарларына әуе жолаушылар тасымалы бар.
Әуе қатынасының кеңеюі мәдени-гуманитарлық, экономикалық және іскерлік байланысты дамытуға жол ашып отыр. Сондай-ақ халықаралық әуе тасымалы нарығындағы бәсекелестікті арттырып қызмет көрсету сапасы мен билет бағасының төмендеуіне ықпал етуде. Барыс-келіс айтарлықтай жеңілдеп туризмге тың серпін берді. Биыл алғашқы 10 айда Қазақстанға 719 мың қытай азаматы саяхаттады. Екі ел арасында теміржол инфрақұрылымы жақсарғалы жүк тасымалы еселеп артты. Қаңтардан қазан айына дейін жеткізілген жүктің көлемі 29 млн тоннадан асты. Жыл соңына дейін 35 млн тоннаға жеткізу жоспарда.
Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Қытайдың көлік-логистикалық ынтымақтастығы саланың қарқынды дамуына ықпал етті. Екі жақтап күш салудың арқасында инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды. Достық-Мойынты шекаралық теміржол учаскесінің екінші желісін іске қосу арқылы пойыз саны 5 есе артты. Сиань қаласында бірлескен логистикалық терминал іске қосылды. Енді Қорғастан Алматы облысының Алатау қаласына дейін жаңа тар табанды теміржол салу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ жүк тасымалының өсуіне екі ел арасындағы кедендік, шекаралық ынтымақтастық байланыс пен құжат рәсімдеу тиімділігінің артуы ықпал етеді. Қазір тағы үшінші теміржол дәлізінің құрылысы жүріп жатыр. Аягөз-Шәуешек теміржолы іске қосылған соң тасымалданатын жүктің көлемі тағы 25 млн тоннаға дейін артады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 34 шекаралық өткізу бекетін жаңғырту жоспарда.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын