Жаңа жыл қарсаңында Астана ажары ерекше айшықталды
Биік шырша, сырғанақ, мұз айдыны, жарық шамдар мен композициялар.
Жаңа жыл қарсаңында Астанадағы алаңдардың ажары ерекше айшықталды. Онда кешкі уақытта серуендеушілердің қарасы көп.
Бұл Қазақ елі алаңы. Мұнда алтын түстес шамдармен көмкерілген қалашық кез келген адамды ертегілер әлеміне жетелей жөнеледі. Әсіресе алыстан ''менмұндалап'' тұрған биік шырша көз жауын алады. Балаларға арналған қысқы ойын алаңқайы да жасақталған. Сондай-ақ жасөспірімдер мен ересектер үшін мұз айдыны ашылды.
САУАЛНАМА:
- Иә, біз күнде келеміз. Әсіресе балам катокқа келеді күнде школдан кейін. И бүгін кешкісін серуендеп шықтық. Түнде өте әдемі. Терезеден как раз көрініп тұр бізге.
- Мен бірінші рет келіп тұрмын. Өте қатты ұнады. Ашық, әдемі екен және шырша да әдемі, ұзын.
- Коньки тебу білемін, любителский. Өзімнің конькиіммен келемін. Арасында прокатқа алып тұрамын. Бұл жерде өте қолжетімді. Горкаға арналған жабдықтар да қолжетімді. Негізі осы жерде бәрі маған ұнайды.
Сарайшық ауданында "Қазақ елі" алаңынан бөлек, Президент саябағы, Жұмысшы мамандықтары аллеясы және "Нұрлы Жол" теміржол вокзалының аумағы безендірілді. Байқоңыр ауданында негізгі ойын-сауық нысандары "Жастар" сарайының маңында орналасқан. Ататүрік саябағы мен "Қаламгерлер аллеясының" да сәні келісіп тұр. Ал Нұра ауданы бойынша Орталық саябақ, "Астана Арена", Ғашықтар саябағы мен Үркер тұрғын үй алабында үлкен мүз айдындары қолданысқа берілді.
Бақытбол Берімбайұлы, кәсіпкер:
- Қысқы ойын алаңын әкімшіліктің басқаруында ұйымдастырылып жатыр. Біз осы жерде жұмыс істейміз. Жалға конькилер береміз. Барлық жағдай қала халқы үшін жасалған. Біз қала халқының қауіпсіздігіне, бәріне қараймыз бұл жерде балалар жығылып қалмасын деп. Бәріне қолжетімді бағада коньки, бәрін жалға беріп жатырмыз.
Есіл ауданында қысқы демалыс орталығы ретінде дәстүрлі түрде ЭКСПО аумағы таңдалды. Сонымен қатар Ботаникалық бақ, Қазақ радиосы мен "Нұрлы жол" көшелерінде шыршалар орнатылды. Алматы ауданындағы Ақбұлақ өзенінің жағалауы мен "Жерұйық" саябағында ойын-сауық алаңдары қолданысқа берілді. Ал Сарыарқа ауданында 12 сырғанақ пен 4 мұз айдыны ашылды.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Қатты аязға қарамастан кеште алаңда серуендеушілердің қатары қалың. Қалада дәл осындай 60-қа жуық мұз айдыны мен сырғанақ жасақталған. Олар түнгі 11-12-ге дейін жұмыс істейді.
Еркебұлан, Смадияров, Ақылбек Есімсейіт