Жыл үздіктері марапатталды

Биыл Түркістан облысында ауыз су құбыры мүлдем болмаған 30 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Нәтижесінде халықты сумен қамту деңгейі 100%-ға жетті. 

Одан бөлек, 43 елді мекенге табиғи газ тар-тылып, қамту деңгейі 89%-ды құрады. Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, көрсетілген қызметтерден түскен табыс 6 млрд теңгеден асқан. Бұл туралы «Жыл үздіктерін» марапаттауға арналған салтанатты жиында айтылды. 

Түркістан облысы әлеуметтік-экономиканың қай саласына болсын ерекше үлес қосып, көш бастап келеді. Осы жеңістердің әрқайсысының артында – елдің бірлігі мен үздіктердің есіл еңбегі жатыр. Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз салалары бойынша үздік атанып, еңбегімен, отаншылдығымен танылған түрлі сала өкілдерін құттықтады. 

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Қол жеткізген барлық табыстарымыз ел ішіндегі бірлік пен бейбіт өмірдің жемісі деп білемін. Бүгінгі жиын өңірдің дамуына әр салада жетекшілік етіп, өзгелерге үлгі болған азаматтарға арналуда. Бұл марапат – Сіздердің қажырлы еңбектеріңізге берілген әділ баға, зор құрметтің белгісі. Жеткен жетістіктеріміз бен жоғары көрсеткіштеріміз алдағы жылы да еселене түседі деп сенемін. Жаңа жыл әрқайсымызға жаңа белестер, толайым табыстар мен биік мәртебе алып келсін! 

Аймақ басшысы өз саласының хас шебері, білімі мен білігінің арқасында қоғамның Темірқазығына айналған нағыз үздіктерді сахна төріне шақырып, құтмет көрсетті. Жыл үздіктеріне мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыстады. 

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы іс-шарада қоғамның түрлі саласында тер төгіп келе жатқан қарапайым еңбек адамдары марапаталды. Олардың арасында көше сыпырушыдан бастап, тазалық қызметкерлері, электрик пен мехиник, мәдениет пен өнер саласының майталмандары, мұғалімдер мен дәрігерлерде бар. 

Зәбира Омарова, «Түркістан жарық-тазалық» мекемесінің жұмысшысы:

- Жаңа жылға қарсы біз сияқты қарапайым жұмысшыларды елеп-ескеріп, марапаттап жатқанына рақмет. Түркістан қаламыз жайнап-жадырап, өсе берсін. Соған біз атсалысып, үлесімізді қоса береміз.

Айнаш Тоғызбаева, Түлкібас аудандық аруханасының мейірбикесі:

- Еңбегімізді бағалап, жыл үздігі дипломын алып жатырмыз. Рақмет көп-көп. Біздің басшымызға рақмет, еңбегімізді бағалап жатқанына. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді бізде. Жаман әдеттердің бәрі артта қалып, жаңа жылда тек жақсылық, ешкім аурымасын. Денсаулығымыз мықты болсын, тек амандық болсын. 

Арман Алиев, Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының директоры:

- Керемет әсер алдым! Алып-ұшып, жүрек толқып тұрмыз. Залда барлық ұжымым отыр. Ол әрине жалғыз менің еңбегім емес, бүкіл ұжымымызбен түгел, барлығымыздың жеткен жетістігіміз. Осылай үздік дегеннен кейін енді бізге төмендеуге жол да жоқ, мүмкіндік те жоқ. Тек қана ары қарай биік деңгейде жұмыс істеуіміз керек деп көрермендерді сендіреміз.  

Марапатталғандардың қатарында жылдың үздік суретшісі, кітапханашы, жаттықтырушы, спортшы, архивист, әлеуметтік қызметкер, мал дәрігері, құрылысшы, жол құрылыс мекемесінің мамандары бар. Биыл алғаш рет жылдың үздік экспорттаушысы, үздік кәсіпкері, жылдың үздік инвесторы да назардан тыс қалмады. 

Ерген Түгілов, жылдың үздік инвесторы:

- Зауытымызды аяқтап, іске қостық. Облыс әкіміне, Президентімізге рақмет айтамыз! Қазіргі кезде біздің зауытымызда жүзден аса адам жұмыс істейді. Осы облысымыздың экономикасының дамуына үлес қостық деп ойлаймыз. Сол үшін осы «үздік инвестор» деген марапатты алып отырмыз, рақмет! 

Жиында «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының жеңімпаздары да мараптталды. Кентау қаласы, Байылдыр ауылы бас жүлде иегері атанды. І орынды Сарыағаш ауданы, Қызылжар ауылы жеңіп алса, ІІ орынды Төлеби ауданы, Мәдени ауылы алды. Созақ ауданы, Жуантөбе ауылы ІІІ орыннан көрінді. Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты. Елге танымал әншілер мен өңірдің өнерпаздары әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш