Қазақстандық оқушылар ел абыройын асқақтатып жүр
Қазақстандық оқушылар жаһандық жарыстарда ел абыройын асқақтатып жүр.
Биылғы оқу жылында екі мыңға жуық оқушы 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысқан. Информатикадан халықаралық олимпиадада ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 14-орынға тұрақтады.
Бұл жылдар бойғы тынымсыз дайындық, қажыр-қайрат пен биік мұраттың нәтижесі.
Олар әлемнің әр қиырындағы мыңдаған оқушыны тығырыққа тірейтін қиын есептерді еркін шешедіі. 300 минутта шешілетін үш күрделі тапсырма - бұл зияткерлердің шеберлігін дәлелдейтін нағыз сынақ. Максим, Мансұр және Даужан Халықаралық информатика олимпиадасының жүлдегерлері. Әрқайсысының жолы бөлек болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ қасиет -табандылық пен темірдей тәртіп.
Максим Цой олимпиадаларға төртінші жыл қатарынан қатысып келеді. Өз айтуынша, бәрі бір ғана кездесуден кездейсоқ басталған. Алайда сол сәт оған ұлттық құрамаға жол ашты. Бұған дейін көптеген жарыстарда бақ сынап, екі халықаралық олимпиадаға қатысқан. Әр сайыста тоқсаннан астам елден келген мықтылармен сынға түседі. Максим дайындыққа ерекше көңіл бөледі. Күніне сегіз сағатын кейде одан да көп уақытын арнайды. Олимпиадалық информатикада көп есеп шығарудан бөлек, ортақ мақсаттағы ортада болу да маңызды, - дейді ол.
Максим Цой, халықаралық информатика олимпиадасының (IOI) жүлдегері:
- Мүлде кездейсоқ басталды. Осындай олимпиадаларға қатысып жүрген адаммен жолықтым. Аздап үйретті, кейін өзім де меңгеріп алдым. Сол кезде шамамен 13 жаста едім. Ең қиыны күйзелісті жеңу, өйткені халықаралық олимпиадада сен өзіңнің немесе мектебіңнің емес, еліңнің атынан өнер көрсетесің. Бұл әрине үлкен жауапкершілік.
Мансұр Мамадахунов үшін нақты ғылымдар - жай ғана мектеп пәні емес. Математикаға қызығушылығы бастауыш сыныптарда оянса, информатика соның заңды жалғасына айналған. Халықаралық IOI олимпиадасындағы нәтижесі Қазақстан құрамасының әлемнің ең үздік 15 командасының қатарына енуіне үлес қосты. Төрт миллион теңгеге жуық президенттік сертификат иегері болашақ жоспарын қазірден құрып отыр.
Мансұр Мамадахунов, халықаралық информатика олимпиадасының (IOI) жүлдегері:
- Информатикада есеп шығару процесі қызығырақ. Мұнда бағдарламалау бар, жалпы математикаға қарағанда өзгеше, қызықты деп айтар едім. Болашақта өзімді осы бағытта көремін. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Қазақстанға оралып немесе елден шықпай-ақ осы саланы дамытқым келеді.
Даужан Бекетов олимпиадаларға бастауыш сыныптан бастап қатысқан. Сандық ғылымға деген қызығушылық ағаларынан дарыған. Бүгінде ол қола жүлде иегері. Бұл жетістікті Даужан соңғы меже емес, жаңа белес деп қабылдайды. Бос уақытында жүзумен айналысады.
Даужан Бекетов, халықаралық Информатика олимпиадасының (IOI) жүлдегері:
- Бәсеке рухы, бағдарламалаудың өзі қатты қызықтырады, тіпті тыныштандырады. Олимпиадалық информатикада математика да өте маңызды. Алғашқы қоламды алдым, күміске сәл ғана жетпеді. Бірақ бұл мен үшін алға жылжуға үлкен мотивация.
Ұлттық құрамаға санаулы оқушы қабылданады. Қатаң іріктеу, айларға созылған дайындық және күн сайын бірнеше сағаттық жаттығулар. Нәтиженің артында жаттықтырушылардың жүйелі еңбегі тұр. Құрама мүшелері тамызда Президент қолынан марапат алды.
Темірлан Сатылханов, Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы /IOI/:
- Оқу-жаттығу жиындарында 10 күн бойы таңнан кешке дейін қарқынды дайындықтан өтеміз. Бұрынғы олимпиада есептерін талдап, жаттығамыз. Мұнда талантпен қатар еңбекқорлық пен мықты мінез қажет.
Информатикадан халықаралық олимпиада 1989 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Байқау жеке форматта өтеді. Әр мемлекеттен төрт оқушыдан артық қатыса алмайды. Бұл сайыстың есігі біздің ел үшін 1998 жылдан бері ашық. Осы уақыт аралығында отандастарымыз қоржынға 75 медаль салды.
Дильназ Тұрғазыева, Камила Алтынбек, Қанат Махмутов