Қызылорда облысында Достық үйі пайдалануға берілді
Қызылорда облысында заманауи үлгіде салынған Достық үйі пайдалануға берілді.
Жаңа ғимаратқа өңірдегі этномәдени бірлестіктер, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ұйымдар қоныстанды. Мамандардың айтуынша, нысан қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде өткізуге бейімделген. Ғимаратта қоғамдық, мәдени және ағартушылық бағыттағы шараларды ұйымдастыруға қажетті жағдай жасалған.
Қызылорда облысында 35 этнос өкілі тату өмір сүріп келеді. Достық үйінің жаңа ғимаратын ашу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов қатысып, құттықтауын жеткізді. Мұнан соң облыс әкімімен бірге Достық үйінің жұмысымен танысты.
Айгүл Мұсабаева, ҚХА жанындағы облыстық аналар кеңесінің төрағасы:
- Мемлекет басшысының берілген тапсырмасы, барлық өңірлерде, аймақтарда заманауи үлгідегі Достық үйін салу тапсырылған болатын. Міне осы біздің Сыр аймағы ең алғашқылардың бірі болып, жеке инвестиция тарта отырып, үлкен, заманауи, соңғы үлгіде жабдықталған Достық үйінде аналар кеңесіне кабинет берді. Бұл дегенміз отбасылық құндылық, рухани тәрбие, ұлттық тәрбиені беру бағытындаға Сыр өңірі аналарына жасалып жатқан үлкен қамқорлық деуге болады.
Аумағы 3 жарым мың шаршы метр болатын үш қабатты ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда 11 этномәдени бірлестік пен Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы журналистер клубы, ғылыми сарапшылық топ, этномедиация секілді қоғамдық ұйымдар орналасқан.
Елена Пак, "Ассамблея жастары" ұйымының жетекшісі:
- Бұл ғимарат тек этномәдени бірлестіктердің жұмыстарын ғана емес, сонымен қатар жастардың да белсенділігін арттыратын басты ғимарат болып табылады. Біз жаңа Достық үйінде Ассамблея жастарына арналған, толығымен жасақталған кабинет берілген. Алдағы уақытта да жастардың жобаларын, патриоттық, қайырымдылық бағыттағы түрлі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыратын басты нысан болмақ.
Жаңа Достық үйі этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ұйымдардың жұмысына арналған заманауи орталыққа айналмақ. Нысан ішінде концерт залы, музей, мәжіліс залы, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың түрлі жобалары мен кездесулерін өткізуге бейімделген арнайы аймақтар қарастырылған. Мамандардың айтуынша, бұл ғимаратта қоғамдық, мәдени және ағартушылық бастамаларды жүйелі жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин