Шымбұлақта әмбебап құтқару станциясы ашылды
Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында алғашқы әмбебап құтқару станциясы ашылды.
Орталық таудағы туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрт шыға қалған жағдайда жедел әрекет етеді. Үш айда тұрғызылған станцияда 58 маман жұмыс істейді. 6 арнайы техникамен жабдықталған. Жаңа көліктердің кілтін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен қала әкімі Дархан Сатыбалды табыстады. Шымбұлаққа күніне 8 мыңнан асам адам демалуға келеді. Сондықтан олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Әмбебап құтқару станциясына арнайы дрон да берілді. Жасанды интеллектпен жабдықталған дрон автоматты түрде ұшып, аумақты шолып, іздестіру жұмыстарын жүргізе алады.
Дмитрий Забурский, қалалық ТЖД өрт сөндіру басқармасы басшысының орынбасары:
- Мұнда бір уақытта үш түрлі қызмет кезекшілік атқарады. Олар өрт сөндірушілер, апаттар медицинасы орталығы және құтқару қызметінің мамандары бар. Барлығы осы аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Себебі туристік кластердің дамуына байланысты мұндай станция өте қажет.
Сонымен қатар Алматыда №15 өрт сөндіру бөлімі ашылды. Ол Бостандық ауданындағы 30 мыңнан астам тұрғын мен ғимараттардың қауіпсіздігіне жауапты. Қажетті техникамен түгел жабдықталған. Жаңа бөлімде әкімшілік-тұрмыстық блок, спорт залы және жеке құрамның демалуына арналған бөлмелер бар. Жалпы қалада 20 өрт сөндіру бөлімі бар. Биыл тағы үшеуі ашылады.