Алматыда отызыншы кітапхана ашылды

Алматыда жаңа қоғамдық кітапхана ашылды. Наурызбай ауданындағы білім қазынасы бірнеше бөлімнен тұрады.

Мұнда негізгі оқырман залынан бөлек жасөспірімдер мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған кабинеттер компьютерлермен жабдықталған. Сонымен қатар шығармашылық кездесулер өткізуге де болады. Жаңа кітапхананың қорында 200 мыңнан аса кітап бар. Бір мезетте 50-ден аса оқырман қабылдай алады. Цифрлық технологиялар, заманауи білім мен ақпараттық ресурстарды ұштастырады. Яғни, оқырмандардың білімін тереңдетуге барлық жағдай жасалған. Осылайша, қаладағы қоғамдық кітапханалардың саны 30-ға жетті.

Данияр Әлиев, қалалық Мәдениет басқармасының басшысы:

- Осындай жаңа жүйеде, жаңа заманауи бағытта кітапхана ашу биыл да жалғасатын болады. Яғни Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарында кітапханалардың, тек кітапхана емес, жалпы мәдени-әлеуметтік нысандарды ашу мақсатында жалғасады.