Шымбұлақта жаңа шаңғы жолдары ашылады
Алматы тау кластерінің аясында Шымбұлақта екі аспалы жол мен жаңа шаңғы жолы іске қосылады. Нысандар Іле Алатауындағы Талғар асуынан жоғары орналасады. Бұған дейін бұл аумаққа туристер тек жаяу тәжірибелі гидпен бірге баратын. Енді жылдам жетіп, асқақ тауларды тамашалауға болады, деп хабарлайды 24KZ.
Ернұр Рысбай, тілші:
– Біз дәл қазір Алматы тау кластерінің биік нүктелерінің бірінде тұрмыз. Бұл жер теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте орналасқан. Қазір осы жерде инженерлік құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, мұндай таулы жерде жұмыс жүргізу оңай емес. Себебі ауа райы тәулігіне бірнеше рет өзгеруі мүмкін.
Қазір мұнда 20 техника мен 60-қа жуық жұмысшы бар. Биік шыңға қар ерте түсіп, ұзақ жатады. Сондықтан суыққа шыдамды маман керек. Бұл жерде негізгі инженерлік жұмыстар шілде айында басталыпты. Қазір аспалы жол бағаналарының бетоны құйылып, дайын тұр. Енді электр желілері тартылады.
Александр Руденко, «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:
– С5 аспалы жолы маңында шаңғы тебуді енді бастағандарға арналған екі жол болады. Олар онша тік емес. Сондықтан жылдамдық та жоғары болмайды. Жаңа жолдың ұзындығы шамамен үш шақырым. Яғни қонақтарымыз осы маусымда жаңа трассаларды алғашқылардың бірі болып сынап көре алады. Аспалы жолды 31 желтоқсанға дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Таудағы инженерлік жұмыстың сапасына ерекше мән беріледі. Мұндағы кез келген материал суық пен желге төтеп беруі тиіс. Сондықтан аспалы жол мен инженерлік желілер 50 жыл пайдалануға есептелген. Ал жаңа шаңғы жолдарында спортшылардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалады.
Никита Олейник, «Alatau Operating» ЖШС жоба менеджері:
– Қаладағы құрылыспен бұл жердің айырмашылығы жер мен көктей. Кез келген адамды мұнда әкеліп, жұмыс істету мүмкін емес. Қызметкерлердің бір бөлігі бұған дейін шаңғы көтергіштер мен шаңғы жолдарын салған. Сондықтан олардың тау жағдайында құрылыс істеу тәжірибесі жеткілікті.
Алматы тау кластерінің құрылысы аяқталса, Шымбұлақ Азиядағы ең биік тау курорттарының қатарына қосылады. Себебі аспалы жол баратын Чкалов шыңы теңіз деңгейінен 3900 метр биікте орналасқан. Бұл – Қытайдағы «Нефрит айдаһар» тауы мен Үндістандағы Гүлмарг курорттарынан кейінгі биіктік.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амраев