Жамбыл облысында 26 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Жамбыл облысында биыл 26 мектеп жаңғыртудан өтеді. Көбі 40 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ескі нысандардағы спорт және акт залдары тар, сыныптар заман талабына сай емес.
Мысалы, облыс орталығындағы №27 орта мектеп ғимаратының жөнделмегеніне 70 жыл болған. Мектеп қашан жөнделеді?
Мерей Бает, тілші:
- Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептің іргетасы 1953 жылы қаланған. Оқушылар биылғы оқу жылына дейін осы ғимараттарда білім алды. Ескі нысанда заманауи жағдай жасалмаған. Есік терезесі де жаңармай ескі ағаш қалпында қалған.
Мектептің акт залы жоқ, спорт залы мен асханасы тар. Әрі мектептен бөлек орналасқан. Оқушылар ыстық тамақ ішу үшін қыстыгүні сыртқа шығуға мәжбүр. Жылу желісі ескіргендіктен іші де салқын. Ата аналар біраз жылдан бері осы мәселені көтеріп жүр.
Майра Көшербаева, қала тұрғыны:
- Бастауыш мектеп пен үлкен мектеп орта мектептің ортасында балалар далада қыстыгүні қиындау болатын. Себебі балалар спорт залдан терлеп шығып, ауырып қалатын күндер де болатын.
Мектеп мәселесі биыл шешілетін болды. Жергілікті бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлініп, 600 орындық жаңа ғимараттың құрылысы басталды. Білім нысаны барлық заманауи құрылғымен жабдықталады.
Гүлзат Қарымбаева, №27 орта мектептің директоры:
- Бұл ауданға осындай мектеп керек. Себебі бұл жерде халық тығыз орналасқан. Түрлі ұлттар бар. Негізі жоспар бойынша 2026 жылдың қараша айында біту керек. Алайда қыркүйек айына бітіріп береміз деп мердігер уәде беріп отыр. Заманауи кабинеттерде балаларымыз барлық жағдайы жасалған мектепте білім алады деп үміттеніп отырмыз.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жамбыл облысында осындай 1951 жылғы салынған мектептер әлі бар. Сондықтан биыл субденция ретінде бюджеттік кодекске мемлекет тарапынан 6 трлн тг ақша бөлінді өңірлерге. Осындай мәселелерді шешу үшін. Сондықтан менің ойымша, жылдан жылға азайып келе жатыр. 2026-2027 жылдары бәрі бітіруге атсалысамыз.
Биыл Жамбыл облысында 12 білім нысаны бой көтереді. Олар – төрт жаңа мектеп пен орын тапшылығы бар сегіз білім ошағындағы жапсарлас ғимарат. Сондай-ақ ескірген 26 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған жергілікті бюджеттен 18 миллиардтан аса теңге бөлінді. Жалпы 2025-2027 жылдарға арналған жоспар аясында аймақта 66 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә