Қызылорда облысында соңғы үш жылда 42 жаңа білім беру нысаны салынды

Соның нәтижесінде өңірде үш ауысымда оқыту мәселесі толық шешілді. Бұл туралы «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбындағы жиында айтылды. 

Басқосуда ұлттық тәрбиеге басымдық беру, балалардың құқығын қорғау және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту мәселелері көтерілді. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, кибербуллинг пен заңсыз ойындардың алдын алу үшін оқушыларды үйірмелер мен спорттық секцияларға кеңінен тарту тапсырылды. Сондай-ақ вейп өнімдерін сатуға және пайдалануға тыйым салуды қатаң бақылау қажеттігі айтылды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Адал азамат біртұтас тәрбие бағдарламасы бүгінгі таңда үш бағытты қамтиды. Бұл еңбек адамы, заң және тәртіп, сонымен бірге «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында адал азамат жүзеге асырылады.

Ризабек Ожаров, облыс прокуроры:

- Біз Оқу-ағарту министрлігіне және басқа да оқу ұйымдарына Қызылорда облысы прокуратурасының «Адал бала» жобасын ұсынып отырмыз. «Адал бала» жобасы – жас балаларымызды ертең сауаттылыққа үйрететін оқу платформасы. Буллинг болсын, лудомания болсын, есірткіге, терроризмге қарсы болсын, одан бөлек дроперлық, интернет алаяқтыққа қарсы бәрін үйрететін платформа.