Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды
Шымкент полициясы 21 жастағы қыздың өліміне қатысы бар деген күдіктіні ұстады.
28 жастағы жігіт Түркістан облысының аумағынан табылды. Қаланың қақ ортасында болған қанды қылмысқа қатысы бар күдіктіні іздеуге жеке құрам толық жұмылдырылған еді. Екі күннен бері облыстағы барлық жолда бақылау күшейтіліп, қала аумағы түгел тексерілді. Күдікті қазір уақытша тергеу изоляторына қамалды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні Төлеметов атындағы көшедегі көп қабатты үйлердің маңында болды. Алдын ала мәлімет бойынша марқұм бойжеткен мен күдікті бірін бірі бұрыннан таныған.
Ернар Алтаев, Абай ауданы полиция басқармасының бастығы:
- Күдікті қала аумағынан 10 шақырым қашықтағы ашық жерде анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайлары тергеу барысында анықталады.