Қазақстан инвестиция тартуда көшбасшы атанды

Былтыр еліміз жаңа жобаларға 19 млрд долларға жуық инвестиция тартты. Солтүстік және Орталық Азия бойынша инвестициялардың 89%-ы Қазақстан экономикасына құйылып, көш басында тұр.

Бұл жайында Біріккен ұлттар ұйымының сарапшылары да арнайы рейтингте атап өтті. Елде өңдеу өнеркәсібі, металлургия, жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» технология саласында ауқымды инвестжобалар іске аса бастады. Инвесторлар тағы қай бағыттарға қызығушылық танытып жатыр? 

Сарапшылар 2025 жыл елдің инвестициялық дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болғанын айтады. Жыл бойы жүзеге асқан ірі инвестициялық жобалар өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және инновациялық салаларды қамтып, экономиканы әртараптандыруға елеулі ықпал етті. Инвесторлар қайта өңдеу және экспортқа бағдарланған жобаларға қызығушылық танытып отыр. Енді негізгі деректерге рет-ретімен тоқталайын.

Қай өңір көбірек инвестиция тартты? Көш басында Астана қаласы тұр. Бұнда негізгі капиталға 2 трлн теңгеден аса қаржы құйылды. Былтыр Алматы қаласына 1,9 трлн теңге инвестиция салынса, Атырау, Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстары да инвестиия тарту жағынан алдыңғы қатарға шықты. Тізімді Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан облыстары түйіндеді.

Былтыр да Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай құйылған қаржы көлемі жағынан Қазақстанның басты инвестор-серіктестері тізімін бастады. Қатар мемлекеті газ инфрақұрылымына ауқымды инвестиция салды. Сонымен қатар, қайта өңдеу, агроөнеркәсіп кешені мен жасыл энергетика салаларында бірлескен жобаларды бастаған Бельгия, Франция, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Түркия елдері бастапқы ондыққа кірді.

Жаңа инвестициялық ынтымақтастық

Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға 1 млрд доллардан аса инвестиция тартылды. Биыл да әмірлік инвесторлары елдің тау-кен, мұнай-газ, металл және қор нарықтарына қомақты қаржы салуы мүмкін. Араб мемлекеті тарапынан бұған қызығушылық жоғары. Әмірліктер негізінен капитал экспорттаушы болса, Қазақстан сол қаржылай мүмкіндікті кәдеге жаратып, өнім өндіруге бет бұрған мемлекет.

Дрю Гафф, инвестициялық компанияның басқарушы-серіктесі:
-
Араб әмірліктерінде инвестициялық капитал мөлшері жоғары. Ал Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан нарық. Инвесторларға сіздің елдің инфрақұрылым, тау-кен, өнеркәсібі, шикізат, металл және тұтынушылық тауарлар саласы тартымды. Әмірліктегі қорлар барлық бағытқа қаржы құюға қызығушылық танытып отыр.

33 өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды

Былтыр өңірлерде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды. Жүзеге асқан жобаларда 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 841 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Жаңа кәсіпорындар машина жасау, металлургия салаларынан бастап химия, жеңіл өнеркәсіп бағыттардың кең ауқымын қамтиды. Мысалы, Алматыдағы жаңа машина жасау өндірісіне 182 млрд теңге инвестиция тартылып, 3600 адам жұмыспен қамтылды. Онда жылына 120 мың жеңіл көлік құрастырылады. Қостанай облысындағы жаңа машина жасау зауытында 1500 жұмыс орны ашылды. Павлодар, Қарағанды облыстарында металлургиялық кәсіпорындар іске қосылды. Атырау облысында полиэтилен қап шығару, Шымкентте құрылыс материалдарын өндіру, Алматы облысында радиатор шығару, Түркістан облысында резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру секілді кәсіпорындар ашылды.

Анель Турашева, «Kazakh Invest» Ұқ Ақ жоба менеджері:
- Қазақстанда жұмыс жасайтын шетелдік және отандық инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған кешенді қолдау жүйесі енгізілген. Ең маңыздысы, бұл
– салықтық ынталандыру шаралары. Яғни бұл инвестициялық келісімшартар корпоративтік табыс салығынан, мүлік салығынан босатылады. Ал біздің еліміз үшін басымдық саналатын жобаларға кеңейтілген жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішінде корпоративтік табыс салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға және жер салығынан 10 жылға босату.

Сондай-ақ Қазақ инвест компаниясының өкілі барлық қолдау шаралары Қазақстанды Орталық Азиядағы бизнес жүргізуге және өндіріс орындарын орналастыруға ең қолайлы алаң ретінде танытуға бағытталған, - дейді. Бүгінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істеп тұр. Президент таяуда «Түркістан» газетіне берген сұхбатында былтыр экономикамыздағы басымдық берілген салаларды дамыту үшін жалпы сомасы 70 млрд доллардан асатын құжаттарға қол қойылғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сыртқы саясатқа қатысты жоғары деңгейдегі іс-шаралардың көптігі Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Шетелге жасаған сапарларымнан бөлек, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарындағы ықпалды мемлекеттердің басшылары Астанаға сапармен келді. Әрбір келіссөзде экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа, әлемдік аренадағы қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер көтеріледі. Былтыр экономикамыздағы басымдық берілген салаларды дамыту үшін жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын құжаттарға қол қойылды.