Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының отырысы өтті
Жаңа Конституция. Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының түзетулер жобасына пікір білдірген Президент осылай деді.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алда болатын маңызды саяси өзгеріс жайы талқыланған жиын өтті. Онда Парламентті жаңғыртуға бағытталған конституциялық өзгерістердің ауқымды екені айтылды. Жұмыс тобы жаңа Парламенттің құрылымы, депутаттар саны мен өкілеттік мерзімі, сайлау тәртібі, сондай-ақ заң шығару тетіктері бойынша ұсыныстар әзірленген.
Парламенттік реформа. Соңғы жарты жылда қоғамда қызу талқыға салынған елдегі басты саяси бастама. Заң шығару органын трансформациялау бір күнде атқарыла салатын шаруа емес. Сондықтан арнайы Жұмыс тобы құрылып, бірқатар маңызды талқылаулар жүргізілген. Ата-заңға қандай өзгеріс енгізу керектігі де қаралған.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі - Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі:
- Былтырдан бері жұмыс тобы бірнеше рет жиналды. Әр отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік реформаға қатысты нақты ұсынымдар әзірленді. Олардың барлығы жүйелі түрде жинақталып, сараланды. Жұмыс тобы тарапынан Парламенттің құрылымына, құрамына, өкілеттігіне қатысты ұсынылып отырған өзгерістер өте ауқымды. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға жол ашады деп ойлаймыз.
Парламентті трансформациялау ісінде қоғам белсенділік танытуда. Азаматтардан бастап сарапшыларға, қоғамдық ұйымдарға дейін өз ұсыныстарын eGov және e-Otinish платформалары арқылы жөнелтіп жатыр. Барлығы 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Наталья Пан, Парламентаризм институтының директоры:
- Былтыр қазаннан бері келіп түскен ұсыныстарды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің сараптамалық ұсыныстары. Екіншісі – «Amanat», «Aуыл», «Respublica», «Ақ жол», «Қазақстанның Халық партиясы» және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» ұйымдардың бастамалары. Сонымен қатар «Baytaq» партиясы да өз ұсынысын жолдады. Үшіншісі – әртүрлі қоғамдық бірлестіктердің, кәсіби қауымдастықтардың және ғылыми институттардың жолдаған бастамалары. Ал екінші топтағы өтініштер саны едәуір көп. Олардың ішінде конституциялық қайта құруға қатысты, өзге де сипаттағы бастамалар бар.
Ел азаматтарынан келіп түскен көптеген ұсыныстар сараланып, жіті қаралып, соның негізінде бірқатар маңызды тетіктер әзірленген.
Ержан Жиенбаев, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі:
- Бірпалаталы парламент туралы заң жобаларын әзірлеу жұмысының барлық рәсімдері, сондай-ақ парламент таратылған жағдайда заң шығару функцияларын жүзеге асыру тәртібі жан-жақты айқындалды. Талқылау барысында Парламент Төрағасын сайлау, Конституцияға өзгерістер енгізу, заңдарды қабылдау, сондай-ақ ерекше конституциялық жағдайларда шешім қабылдау кезінде бірпалаталы парламент үшін қажетті дауыс кворумдары белгіленді.
Өңірлерде халықтың алдағы реформаларға деген қызығушылығы жоғары екен. Бұны аймақтарды аралап келген Парламенттегі партия өкілдері айтып отыр.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Ақ Жол» демократиялық партиясы ұлттық бизнес пен өндірушілердің саяси өкілі ретінде, ең алдымен, түрлі зауыттардың жұмысымен танысты. Міне өзім Қарағанды, Ұлытау облыстары және де Алматы облысы мен қаласындағы 20-дан астам ұжыммен кездестім. Фракциямыздың басқа депутаттары Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Атырауда жұмыс істеді. Сол кездесулер барысында кәсіпкерлер, азаматтар Сіз жариялаған парламенттік реформа туралы жиі сұрақ қойып, партиялық тізімдермен сайланатын бір палаталы парламентке қолдау көрсетуде.
Бір палаталы Парламентке көшу Мәжіліс пен Сенатты жай ғана біріктіру емес. Мұндағы негізгі мақсат – Заң шығару билігінің жұмысын жаңартып, оның тиімділігін арттыру. «Реформалаудың нәтижесінде Парламент абыройлы институтқа айналуы керек», - дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Конституциялық реформаның негізгі бағыт-бағдары айқындалды деп күмәнсіз айтуға болады. Өзгерістердің нақты жобасы әзірленді. Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, мағыналы, мазмұнды ұсыныс бердіңіздер. Баршаңызға алғыс айтамын.
Ел тағдырын айқындайтын маңызды өзгерістер жабық кабинеттерде емес, қоғаммен біріге шешіледі. Бірпалаталы Парламентке өту ісі де жалпыхалықтық референдумда дауысқа салынады. Яғни конституциялық реформа бойынша соңғы нүктені ел азаматтары қояды. Ал Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Ата-заңның бірден бірнеше бөлігін қайта қарау қажет болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ата-заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкін береді. Сондай-ақ салмақты ой-пікір айтқан барлық белсенді азаматтар мен сарапшыларға ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғана аталып өткендей жұмыс тобына Парламенттік реформа тақырыбынан тыс өзге де көптеген ұсыныстар келіп түсті. Онда басқа да билік институттарының тиімділігін арттыруға қатысты бастамалар бар.
Осыған дейін бірқатар отырыстар өткізген жұмыс тобы бірпалаталы Парламенттің алдағы қызметі жайлы мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап шықты. Енді ертең, Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша өзінің нақты пікірін айтатын болады.
Авторы: Риат Шони