Қазақстанда жол салуға қойылатын талаптар қайта қаралады
Қазақстанда автожол саласын реформалау үшін үкіметтік жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жұмыс тобы Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен Мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында құрылды.
Топ жол саласындағы құрылыс талаптарын қайта қарап, жаңа стандарттар мен нормаларды әзірлеумен айналысады. Сондай-ақ жол инфрақұрылымын жақсарту, цифрлық технологияларды енгізу және мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын ашық әрі тиімді ету жолдарын қарастырады.
Жұмыс тобына Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік етеді. Оның құрамына бірқатар министрліктің басшылары, Бас көлік прокурорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз», «ҚазАвтоЖол» компанияларының, жол сапасын бақылау және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, сала сарапшылары мен Құрылтай депутаттары кірді.
Олжас Бектенов жұмыс тобына биыл 1 желтоқсанға дейін автожол саласын түбегейлі реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Оған заңнаманы өзгертуге қатысты шаралар да енгізілуі керек.