Өскеменде жыл сайын жылу тапшылығы сезілуде
Жаңа шағын аудандар салынды. Қазір 29 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қаладағы 1947 жылы салынған ескі жылу энергия орталығының қуаты жетпейді. Кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп тұрады. Биылғы жөндеуге 16 млрд теңге жұмсалды.
Тұрат Төлеубаев, қалалық ЖЭО бөлім басшысы:
- Биыл 9 қазандықты жаңартуды көздеп отырмыз. Оның ішінде екеуін күрделі, үшеуін орта және төртеуін ағымдағы жөндеуден өткіземіз. Жоба аясында ескірген құбырлар мен турбогенераторларды да ауыстырамыз.
«Қаланың орталығынан тағы бір жылу орталығы салынса, экологиялық ахуал нашарлап кетуі мүмкін», - дейді мамандар. Сол себепті жаңа нысанды қаланының сол жақ шетінен салу жоспарланып отыр. Онда заманауи сүзгілері бар таза көмір технологиясы қолданылады.
Виктор Недовесов, ҚР Еңбек сіңірген энергетигі:
- Бұл жылу орталығын 2000 жылдардың басында салу керек еді. Өйткені қазір халық саны өсіп, қала да кеңейіп қалды. Ал мына қос нысан жылу қажеттілігін толығымен жаба алмайды.
Рузиля Әбдірашитова, Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Жаңа жылу электр орталығы қаладағы жылу тапшылығын толығымен шешеді. Нысан 2029 жылы іске қосылмақ. Өңірдегі жылу қуаты 1000 гигакалорияға ұлғайтылатын болады.
Өскемен, Семей мен Көкшетауда жылу электр орталығын салу туралы шартқа қаңтар айының соңына дейін қол қойылады. Жобалардың жүзеге асуы Үкіметтің жіті бақылауында болмақ. Үш нысан жылына мың мегаваттқа дейін электр және жылу энергиясын береді. Бұл өнеркәсіптік және тұрғын үй құрылысы үшін қажетті энергия қорын жасақтауға мол мүмкіндік.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Вячеслав Ветлугин, Жигер Бабақанов