Аң-құсқа да қамқорлық қажет
Қарағандылық орманшылар жануарлар мен құстарды қыстан аман алып шығу үшін қосымша қоректендіру жұмысын жүргізеді. Ағаш арасына жем, шөп және тұз қойып, жағдайды бақылауда ұстайды.
Қоршаған ортаға қамқорлық жұмысына эко-белсенділер мен мектеп оқушылары да ат салысып жүр. Олар қаладағы саябақтарға құс астауларын іліп, аптасына бірнеше мәрте жемге толтырады.
Услан Нұрланұлы, тілші:
- Қыстың аязды немесе боранды күндері түздегі аң мен құсқа да оңайға соқпайды. Осыған байланысты оларға орманшылар қосымша жемшөп шашып тұрады. Бұл қыстан аман шығуына көмектеседі. Қарағанды орман шаруашылығы биыл қысқа деп бес тонна шөп, төрт тонна жем дайындаған.
Өңірдегі үш орман шаруашылығы, екі ұлттық парк пен аңшылық алқаптардың барлығында жануарлар мен құстар осылайша қосымша қоректендіріледі. Мамандар жемшөп астауларын өздері жасайды. Оларға жемшөптен бөлек тұз салынады. Қыста тұз жануарлардың ағзасындағы қажетті микроэлементтердің орнын толтыруға көмектеседі. Облыс төңірегіндегі ормандарда бұлан, елік, қабан, арқар, қоян және көптеген құс түрлері бар.
Асхат Нұрқайдаров, орманшы:
- Әр учаскеде, әр обходта өзінің орманшылары бар. Сол орманшылар күнделікті жүргенде мониторинг, ғылыми шаруа жүргізеді. Қандай аң түрі, құс кездеседі соны журнал наблюдениелері бар, соған жазып толтырып отырады.
Жемшөп орманның ең тыныш жерлеріне қойылады. Бұл жануарлардың азыққа еркін жақындауына мүмкіндік береді. Егер қыста бұлай қоректендірмесе, шығын болып, келесі жылы қалғаны басқа жайлы аймаққа ауып кетуі мүмкін. Қоршаған ортаға қамқорлық жұмысынан экобелсенділер де қалыс қаламайды. Табиғат жанашыры Сәкен Келдібаев зейнетақысының жартысын құстарға жем сатып алуға жұмсайды. Аптасына бірнеше рет құс астауларын жемге толтырады. Оның бастамасымен еріктілер мен мектеп оқушылары қаладағы саябақтарға 120-дан астам астау ілді.
Сәкен Келдібаев, қала тұрғыны:
- Қыстайтын құстарға құс астауларын орнатып жатырмыз. Өйткені қыстыңгүні олар азықсыз қалады. Көктемде біз бұларды алып тастаймыз да, орнына құс ұяларын ілеміз. Неге алып тастаймыз? Өйткені күн жылынғаннан кейін табиғи тағамды бұлар өздері тауып жеуі керек.
Зейнеткер жемшөп астауларын іліп қана қоймай, оларды үнемі тазалап отырады. Сәкен Келдібаев Табиғатқа деген сүйіспеншілігін мектеп оқушылары мен студенттерге де дарыта білген жан. Қазір жастар акцияларға белсенді түрде қатысады.
Арлан Иманжан, оқушы:
- Құстарды тамақтандырамыз. Құстарды тамақтандыру өте керек. Қыста жем таба алмайды, қар жабады құстардың тамақтарын.
Қала аумағында торғай, көгершін, қарлығаш, қараторғай, сарышымшық, тоқылдақ, сауысқан мен қарға өте көп. Жұртшылық қанатты достарды көбіне нанмен қоректендіреді.» Алайда құстарға бұл зиян. Оның орнына бидай, сұлы, тары, күнбағыс дәнін берген жөн», - дейді табиғат жанашырлары.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит