ҚР Қорғаныс министрлігі сарбаз қазасынан кейін мәлімдеме жасады
Қорғаныс министрлігі әскердегі қайғылы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Ведомствоның хабарлауынша, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі лауазымдарынан босатылды. 27 қаңтарда Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі әскери қызметші қайтыс болды. Сарбаздың қару ұстау кезінде жарақат алғаны айтылды. Осыған байланысты әскери тәртіпті бақылау күшейтілді. Қару-жарақты пайдалану, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде қауіпсіздікті сақтау қатаңдатылды. Сондай-ақ әскерилердің психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүреді.
Асқар Мұстабеков, ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары :
- Жыл басынан бері әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты өз атымнан және Қорғаныс министрлігі басшылығы атынан марқұмдардың отабасыларына, туған туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Әрине бұл жағдайларға қатысты жауапкершілікті толық түсінеміз. Әскери полиция тарапынан жаппай тексеру ұйымдастырылып бейнекамераларды бақылау күшейтілді. Сарбаз бен отбасы арасында бейнеқоңырау ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бөлімнің командирлері ата-аналармен үнемі байланыста. Биыл болған оқиғалар бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданды.
.