Үш өңірде жаңа электр станциялары салынады
Қытайлық инвесторлар Қазақстанда жел мен күн электр станцияларын салады. Жобаның жалпы құны 2 миллиард доллардан асады.
Жобалар Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бұл өңірлер жел мен күн энергиясына қолайлы, әрі жаңа қуат көздерін елдің біртұтас электр жүйесіне қосуға мүмкіндік бар. Жалпы қуаты 1,8 гигават болатын екі жел және бір күн электр станциясын салу көзделген. Бүгін Мәжіліс депутаттары осыған қатысты құжатты қарады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұл келісімге 2024 жылғы 12 қарашада халықаралық COP-29 климат форумының аясында қол қойылған. Министрдің сөзінше, бұл – Қазақстанда мемлекетаралық ынтымақтастық аясында іске асырылатын ең ірі «жасыл энергетика» жобаларының бірі.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Жобаларды іске асыруға салынатын инвестиция көлемі – 2,2 миллиард АҚШ долларын құрайды. Қаржыландыруға халықаралық қаржы ұйымдары мен банктер қатысауымен жүзеге асырылатын болады. Жобаларды іске асыру елге елеулі әлеуметтік-экономикалық әсер береді. Оның ішінде шамамен 2 000 уақытша және 204 тұрақты жұмыс орнының құрылуы. Сондай-ақ экономиканың сабақтас салаларыныңғ дамуына серпін береді.
Энергетика және экология тұрғысынан алғанда, жаңа станциялар жыл сайын 5,7 млрд кВт сағат «жасыл» электр энергиясын өндіредіреді. Бұдан бөлек, көмірқышқыл газының шығарылуын жылына 4,5 миллион тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның климатты жақсарту жоспарын іске асыруға үлес қосады. Жобаға «Самұрық-Энерго» АҚ серіктес-инвестор ретінде қатысады. Қазір бұл бастамалар жобалау-зерттеу, негізгі инвестициялық және келісімшарттық құжаттарды дайындау сатысында тұр.