«TazaQazBot» қосымшасына 600 өтінім түсті
Биыл Ақтөбе облысында, қоғамдық орындарда, қоқыс тастаған 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік терезесінен қағаз қиқымы мен темекі тұқылын лақтыра салатындарды айт-пағанда, ескі жиһазы мен құрылыс қалдығын қоқыс алаңына үйіп кететіндер де бар. Дегенмен экологтар: «Жергілікті атқарушы билік те тазалық жұмыстарына ат-үсті қарайды», - дейді.
Айсұлу Әбдірақымова қаланың Шанхай шағын ауданында тұрады. Айтуынша, өз үйінің маңында қоқыс контейнері жоқ. Бұрын болған. Алайда коммуналдық мекеме қызметкерлері қоқыс жәшіктерін үйден 200 метр қашық жерге апарып орнатқан. Ескі орнына не ескерту тақтасын ілген жоқ, не жаңасын қоймады. Қазір тұрғындар қоқыс атаулыны бұрынғы орнына төгіп жатыр. «Енді бұл жермен жүру мүмкін емес», - деп ашынады ол.
Айсұлу Әбдірақымова, қала тұрғыны:
- Қоқыстың жиналғанына бір айдай уақыт болып қалды. Бізді алдын ала ескерткен жоқ ешкім контейнерді алып қояды деп. Әкімдіктің қайда қарап отырғанын білмей тұрмын. Өйткені қоқыс шашылып жатыр. Иттер тасып кетеді.
Мирас Әжібаев, Астана ауданы әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Аптасына бір рет осы санитарлы тазалау жұмысшыларына тапсырма беріп тастап кеткен қоқысты алдыртып жатырмыз. Тұрғындардың сұранысы бойынша айналасы үлкен сай болып қалған жерлерді көтеріп беріңіздер деген топырақпен. Ол жұмыстарды қазір қысқы мезгілде жасау мүмкін еместігін келтірдік. Сонымен қатар көктем кезінде, сәуір айларында соның барлығын түзетіп береміз.
Қоқысты тиісті орынға тастамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қомақты айыппұл төлеуі мүмкін. Полиция жыл басынан бері 500-ге жуық тұлғаға қатысты хаттама толтырды. Ал экологтар: «Тазалық мәдениеті балабақшадан басталуы керекә, - дейді. Сонымен қатар осы жұмысты ұйымдастыруға міндетті тұлғалар да назардан тыс қалмауы тиіс. Мәселен, былтыр ғарыштан түсірілген суреттерді зерделеу нәтижесінде 155 заңсыз қоқыс алаңы анықталып, тиісті тұлғалар жауапқа тартылған.
Гүлжайнар Әбдірахманова, Облыстық экология департаментінің бас маманы:
- Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес оның тек қана 142 учаскесінде ғана тазалау жұмыстары жүргізілген. Қалған жер учаскелеріне тазалау жұмыстары жүргізілген жоқ. 2025-те Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округі әкіміне қатысты жауапкершілік қаралды. Яғни ол жерге тазалау жұмыстарын жүргізбеген, әрекеттенбеген. Сол үшін 15 АЕК қарастырылған.
Ауыл-аймақ тазалығына тұтас қоғам жауапты. Атқарушы билік ойына келген жерді ойрандап кететін азаматтарды анықтауға бейнебақылау камераларын орнатса, тау болып үйілген қоқысты тазалауға тұрғындарға TazaQazBot қосымшасы көмекші болмақ.
Антон Сбоев, Ахуалдық орталық жетекшісінің орынбасары:
- TazaQazBot қосымшасы арқылы түскен өтінімді сараптап, орындаушыға жолдаймыз. Бағдарламада жұмысты атқаруға берілетін мерзімдері алдын ала бекітілген. Санатына қарай үш күннен жеті күнге дейін орындалуы тиіс.
Алайда әзірге бұл қосымшаны қолданып жатқан ақтөбеліктер қатары сирек. Бір жарым жыл ішінде 600-ден астам ғана өтінім түскен. Олардың дені қордаланған қоқыс алыңын тазалап беруді өтініпті.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов