Петропавлда жаңғақ өседі

Солтүстік Қазақстан облысында қытымыр қысқа қарамастан экзотикалық өсімдіктер өседі.

Қазір ғалымдар канадалық орман жаңғағы мен грек жаңғағын жергілікті климатқа бейімдеп жатыр.

Петропавлдық ғалымдар бірнеше жыл бойы солтүстіктің қатаң климатына бейімделетін өсімдіктерді өсірумен айналысып жүр. Биыл бұл тәлімбаққа тәжірибе ретінде 200-ге жуық жаңғақ көшеті егілді. Қазір олар қалың қардың астында жатыр.

Тимур Зверяченко, дендролог:

- Бұл ағаштар 4-5 жылдан кейін жеміс беруі мүмкін. Былтыр егілген көшеттер бір метрге дейін өсіп қалды. Бұл жақсы көрсеткіш. Қазір үскірі аяз боп тұр. Сынап бағанасы 40 градусқа дейін төмендеді. Осы кезеңнен аман шықса, жаңғақ түрлерін тұрғындарға да егуге болады.

Ғалымдар тәлімбақтан бөлек тәжірибелік жұмыстарды студенттермен жүргізеді. Мысалы жоғары оқу орындарының бірінде Қиыр шығыстан әкелінген реликті ағаш пен солтүстікке бейімделген өрік тұқымдары егілген.

Инна Савенкова, Агротехнологиялық факультет деканының Ғылым жөніндегі орынбасары:

- Бұл – бальзамды пихта. Солтүстік Америкадан әкелінген ағаш. Биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Ең бастысы суыққа төзімді. Сонымен қатар бізде көкшіл инелі шырша бар. Оның қылқаны өте әдемі.

Қазір ғалымдар мен студенттер тәжірибе ретінде жүзім ағашын өсіріп, банан тұқымын егіп көруді жоспарлап отыр. «Тропикалық өсімдіктің жемісі кішкентай болса да, дәмі тіл үйіреді», - дейді олар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков