Қазақстандық шорт-трекшілер медальдан үмітті

«Қазақстан шорт-тректен әлемдегі ең үздік 10 елдің қатарына кіреді.

 Сәйкесінше қысқы Олимпиада ойындарында медаль алу мүмкіндігіміз жоғары». Бас бапкер Петр Гамидов осылай дейді. Әсіресе қысқа қашықтықта ел қоржынына бір жүлде түсуі мүмкін.

Мерей Қанапия, тілші:

- Қазақстандықтар Миландағы XXV қысқы олимпиада ойындарында шорт-тректен медаль күтетіні сөзсіз. Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша сынды спортшыларымыз әлем чемионаттары мен әлем кубоктарында топ жарып, жүлдеге ілігіп жүр. Алайда олимпиада ойындарында қоржынымыз бос қайтатын.

Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ұлттық құраманың кеңесшісі:

- Абзал мен Денис осымен 4-ші олимпиадасына қатысады. Барлық үміт сол 2 спортшыда. Одан кейін микс эстафета дейді 2 әйел, 2 еркек жүгіру керек... Сол жағынан командамыз жаман емес. Сол 2 спринтер. Эстафетада спринтерлеріміз жақсы жүгіреді.     

Иә, спринттік  бәсеке яғни 500 метрлік қысқа қашықтықта жүлдеге ілігуіміз әбден мүмкін. Себебі бұл дистанцияда өздерін суда жүзген балықтай еркін сезінетін 2 дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша мен әлем кубоктарының жеңімпазы Абзал Әжіғалиев өнер көрсетеді.

Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:

- Осы олимпиадада ең үздік жетістікке жетсем, медаль алсам деген бала кезден бергі арманым бар. Енді осы арманыма 4-рет мүмкіндік беріліп тұр. Абыроймен барып, қазақстандықтарды қуанту үшін бар күн-жігерімді саламын. Жауапкершілік сезіледі төртінші Олимпиада болғаннан кейін. Қолымыздан келгенше барымызды саламыз. 

Денис Никиша, шорт-тректен ұлттық құрама капитаны:

- Бәрі жақсы. Жаттығуымыз ойдағыдай жүзеге асып жатыр. 500 метр Абзал екеуміздің оң жаңбасымызға келетін ең ыңғайлы қашықтық болғандықтан көпшілік назары бізде болатыны сөзсіз. Спринттік бәсекеде жүлде алу үшін бірге жаттығып жатырмыз. Арасында әдейі бір-бірімізге кедергі келтіріп, жарысамыз. Спорт бәсекеден тұрады ғой. Медаль алуға тырысамыз.  

Абзал өзі қатысқан 3 бірдей олимпиадасында да үздік ондықтан көрінді. 2014 жылы Сочи Олимпиадасында 5-орын алса, 2018 жылы Пхёнчханда 6, 2022 жылы Бейжің Олимпиадасында 4-орынға табан тіреп, жүлдеге сәл ғана жетпей қалған еді.

Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:

- Қазақ халқын қуантқым келеді осы қысқы спортта қазақтар қысқы спортпен аналысады. Коньки тебе алады дегендей. Форма жағынан бапкерлеріміз бізді қадағалап, көмектесіп жатыр. Енді Олимпиадаға дейін ПИК формаға келеміз деп ойлаймын. 2 маусым өнер көрсеткен жоқпын. Олимпиадаға 2 жыл қалғанда өнер көрсетіп бастадым. 

Қысқы ойындарда Денис пен Абзалдан бөлек қыздардан Ольга Тихонова мен Яна Хан бақ сынайды. Олар 500 метрлік сынға 4 лицензия, 1000 метрлік бәсекеде екеу, 1500 метр қашықтықта тағы екеу және 2 мың метрлік аралас сынға 1 жолдама жеңіп алды. Бас аяғы 4 спортшымыз 9 лицензия иеленді. Мамандар мұның өзі жақсы көрсеткіш екенін айтады. Себебі қазір жолдама алудың өзі бұрынғыдай оңай емес. 

Мерей Қанапия