«Заң мен тәртіп»: спортшылар оқушылармен кездесу өткізді
Әлемдік додаларда топ жарған отандық спортшылар елордалық оқушылармен кездесті.
Атап айтсақ, кәсіпқой және әуесқой боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен Астана қаласы бокс федерациясының вице-президенті Бақытжан Қожабеков балалармен жүздесті. Өскелең ұрпақтың көкейдегі сауалдарына жауап беріп, жоғары жетістікке жетуге көмектескен өмірлік ұстанымдарымен бөлісті. Жаман әдеттерден аулақ болып, темірдей тәртіп пен заңды құрметтеу керек екенін жастарға түсіндірді. №95 мектеп-лицейде ашық диалог форматында өткен кездесу кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. "Заң мен тәртіп" айлығын қорытындылау іс-шарасының басты мақсаты "Адал азамат" құндылықтарын дәріптеу. Сонымен қатар айлық аясындағы байқаулар мен науқандарға белсенді қатысқан оқушылар үздік жұмыстары үшін арнайы дипломдармен марапатталды.
Қамшыбек Қоңқабаев, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Керемет кездесу болды деп ойлаймын. Жастарға өзіміздің тәжірибемізбен бөлістік. Жас бүлдіршіндермен мастер класс та болды. Спортта үлкен жетістікке жету үшін табандылық қажет және көп еңбек ету керек.
Шынар Әубәкірова, №95 мектеп-лицейінің директоры:
- Табандылықтың арқасында биік белестерді бағындырған танымал боксшыларды шақырдық. Мұндай кездесулер әр мектепте болу керек деп ойлаймын. Өйткені өскелең ұрпақ осындай тұлғаларды көру арқылы өздерін дамытуға ынталанады. Алынбайтын қамал жоқ екеніне сенеді. "Еңбек бәрін жеңбек" деген қағидатты ұстанады.