Қазақстанда графит өңдейтін зауыт салынады
Қазақстанда графит өңдейтін кәсіпорын салынады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
Жобаны Қарағанды облысындағы Сарытоған кен орны негізінде Аустралияның тау-кен компанияларының бірі іске асырады. Кәсіпорын жылына 50 мың тоннаға дейін графит кенін өңдей алады. Алдын ала жүргізілген геологиялық зерттеулер шикізаттың жоғары сапасын көрсетті.
Сарытоған кен орны Қарағанды облысында орналасқан. Онда 229 млн тоннаға жуық графит қоры бар. Кен орнының аумағы шамамен 70 шаршы шақырымды құрайды. Жобаны игеру мерзімі 60 жылға жоспарланған. Осы кезең ішінде кендегі жалпы минералдық ресурстың шамамен төрт пайызы ғана өндіріледі.
Шон Грегори, Австралиялық Тау-кен компаниясының басқарушы директоры:
- Біз геологиялық барлау жұмыстарын толық аяқтадық. Жүргізілген зерттеулер қазақстандық графиттің әлемдік стандарттарға сай екенін көрсетті. Жалпы графиттік көміртектің орташа мөлшері – 28,9 пайыз. Бұл Сарытоған кен орнын әлемдегі ең ірі әрі ең сапалы кен орындарының қатарына қосады. Қазір жобаның түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап жатырмыз. Сонымен қатар өнімді өнеркәсіптік және жоғары технологиялық салаларда қолдану бағыттарын пысықтаудамыз. Алдағы уақытта шикізатты заманауи аккумуляторлар өндірісінде қолдануға болады.
Қайта өңдеу зауыты іске қосылғаннан кейін жобаның тағы екі кезеңі жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі 334 млн АҚШ долларына бағаланып отыр. Бұл - бастама Еуропалық одақ стратегиялық маңызы бар деп таныған небәрі 13 жобаның бірі.
Асқар Құттықадам, Қазақстан Республикасының Сингапур, Австралия және Жаңа Зеландиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл жобаға Еуропалық қайта құру және даму банкі тарапынан 3,3 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Қаражат Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы батареялар, аса маңызды минералдар және жасыл сутек салаларындағы стратегиялық әріптестік аясында бөлінді. Бұл Халықаралық қаржы институттарының Қазақстанның тау-кен секторына деген жоғары сенімін көрсетеді.
Кәсіпорын құрылысы кезінде 100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт толық іске қосылған соң тағы 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жұмысқа қабылдау барысында Қарағанды облысының тұрғындары мен отандық мердігерлерге басымдық беріледі.
Авторлары: Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар