Отандық құрылыс материалы мен жиһаз үлесі артты
Елдегі құрылыс нарығында отандық өнімнің үлесі 70 пайыздан асты. Жаңа әлеуметтік және бизнес нысандарының көптеп салынуы кәсіпорындардың өндіріс қуатын арттыруға ықпал етіп отыр.
Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында келер жылы ірі құрылыс басталатынын айтып, медициналық мекемелер, білім ошақтары мен спорт залдар секілді нысандар салынатынын айтты. Баспаналар да бой көтереді. Сондықтан отандық құрылыс материалдары мен жиһаздарға сұраныс артқалы тұр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Ағашты заманауи құрылғылар өңдейді. Әрі қарай мамандар мектеп жиһаздарын құрастырады. Соның ішінде «Келешек мектептерінің» де жабдықтары осы зауытта шығарылып жатыр.
Бұл – YDA Industrial Park кешені. Мұндағы 6 зауытта мектеп, аурухана, спорт нысандары мен коммуналдық инфрақұрылымға қажетті жабдықтар шығарылады. Өнімдер елдің кей өңірлерімен қатар шетелге де жөнелтіледі.
Амандық Бейсалы, YDA Industrial Park кешенінің цех шебері
- Мемлекеттік проектілер бойынша жұмыс істеп келеміз. Темір келгеннен кейін өңдейміз. Өңдегеннен кейін үлкен стадиондар саламыз. Мысалы, стадионның колонналары, оның қапталуы, жиналуы және дәнекерленуі.
Президент Жолдауына сәйкес, келер жылы әлеуметтік нысандар құрылысы жанданады. Ең алдымен өңірлерде 70-ке жуық медициналық мекеме салынады. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет ғимараттары бой көтереді. Мұндай ауқымды жобалар отандық өндіріске арқа сүйеуі керек. Елордада өнеркәсіпті дамыту үшін «Астана – жаңа қала» және «Астана технополис» арнайы экономикалық аймақтарының маңызы зор. Бүгінде 100-ден астам өндіріс орны іске қосылса, жыл соңына дейін тағы ондаған жоба жүзеге асады.
Алмат Әлімбай, Astana Invest қалалық инвестицияны дамыту орталығының департамент директоры:
- Қазіргі таңда 42 жобамыз бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп келеді. Яғни жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл жерде 1600 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жалпы инвестициялық жобалардың бүгінгі таңдағы өндірілген өнімдері 11,9 трлн теңгені құрайды.
Елде құрылыс материалдары нарығындағы отандық өнім үлесі 70 пайыздан асты. Былтыр 1,7 трлн теңгеге тауар шығарылған. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының ресми мәліметі осындай. Ал жиһаз өндірісі 165 млрд теңгеге жетті. Отандық кәсіпорындар ішкі нарықтағы сұраныстың 37 пайызын қамтамасыз етіп отыр.