Оралда бұқтырылған киік еті сатыла бастады
Елде ақбөкен көбейіп, тіпті ауыл арасында жайылып жүр. Кезінде 60-70 мың қана қалған түз тағысының қазіргі саны 4 миллионның шамасында.
Кезінде 60-70 мың қана қалған түз тағысының қазіргі саны 4 миллионның шамасында. Жер қайысып, егінге ауыз салған соң бұларды да аулауға рұқсат етілгені белгілі.
Оралда бұқтырылған киік еті сатыла бастады. Жергілікті ет өңдеу комбинаты тәулігіне 16 мың дана қалбырдағы киік етін дайындайды. Жазға салым бұл көрсеткішті миллионға жеткізбек. Ал ғалымдар киік еті дәрумендер мен ақуызға бай екенін айтады.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Өткен жылы Орал өңірінде 108 мың киік ауланса, соның төрттен бірін, яғни 27 мыңын қаламыздағы қалбыр зауыты қабылдапты. Міне, осы жерде сүйегінен ажыратылған киік еті қалбырларға салынады. Содан кейін автоклавтарда 125 градус су мен буда өңделеді. Сосын барып, дайын өнім сауда сөрелеріне шығарылады.
Елімізде бұқтырылған киік етін дайындаудың ұлттық стандарты 2023 жылдың қарашасында қабылданды. Алайда содан бері киік етін ірі көлемде өңдегендер жоқтың қасы. Оралдық зауыт осы олқылықтың орнын толтырмақ.
Зәуре Берекешова, ет өңдеу зауыты директорының орынбасары:
- «Охотзоопроммен» келісім-шартқа отырып, былтыр күзде киік төшкелерін қабылдадық. Өндірістік желі тоқтаусыз жүруі үшін әуелі қажетті мөлшерде шикізатты жинап алғымыз келді. Қазір бұқтырылған киік етін сатуды бастадық. Бір қалбырдың салмағы 330 грамм. Алғаш шығып жатқандықтан, жаңа өнімді нарық пен халықтың қалай қабылдауы біз үшін аса маңызды.
Киік етінің пайдалы қасиетін ғалымдар да растайды. Жергілікті университетте былтыр киік етінен шұжық жасап көрді. Бөкендер еркін жайылып, шөпті таңдап жейді. Сондықтан олардың еті де құнарлы дейді мамандар.
Қайсар Қошалиев, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:
- Ауылшаруашылық жануарларына қарағанда киік етінде Д5 витамині бес есе жоғары. Сосын майы аз. Майын пайызға салып көрсек, 9-12%-ға дейін жетеді. Ал ақуыз 22%-ға дейін. Сондықтан да киік етін диеталық жағынан қарағанда зат алмасу процесіне өте жағымды болады.
Былтырғы санаққа сүйенсек, елімізде 4 млн киік бар. Жартысынан астамы Батыс Қазақстан өңірінде шоғырланған. Қаптаған бөкен соңғы жылдары жайылымды таптап, егістікке айтарлықтай зиян келтірді. «Санын реттеуді жеделдетпесек, жануарлар түрлі індеттен қырылуы мүмкін», - деп мамандар дабыл қақты. Осылайша, ғалымдар облыста 460 мың киік аулауға болады деп, биологиялық негіздеме әзірледі. Алайда жауапты мекемелер рұқсат етілген көлемнің төрттен бірін ғана аулаған.
Нұрлан Рақымжанов, Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының басшысы:
- Қараша айының аяғына дейін 108 мың жарым киік ауланған. Оған 14 ет өңдейтін кәсіпорындар қатысты. Ғалымдар 460 мыңнан аспау керек деген. Алайда енді бізде техникалық мүмкіндік, адами мүмкіндікке қарап міндетті түрде 460-қа жету деген мақсат емес. Сондықтан биыл үлкен тәжірибе алынды. Ет комбинаттарының жұмысына анализ жасадық, кемшіліктер бәрі зерттелді. Биыл шешім қабылданса, негізі тәжірибеміз бар.
Мамандар: «Батыс Қазақстан облысының аумағында киік саны 500 мыңнан аспағаны дұрыс», - дейді. Алайда қазір бөкен басы ресми есеп бойынша 3 млн-ға жуықтаған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов