«Қазсушардың» техника паркі 27%-ға жаңарды

Былтыр «Қазсушардың» техника паркі 27%-ға жаңарды. Соның арқасында техниканы жалға алу шығыны 85%-ға азайып, жөндеу шығындары екі есе кеміді. 

Бүгінде мекемеде 2100-ден астам техника бар. Былтыр Өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен 576 техника сатып алынды. Ал тарифтік қаражат есебінен 135 арнайы техника жеткізілді. Нәтижесінде 375 гидротехникалық нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1840 шақырым ирригациялық канал механикалық әдіспен тазартылды. Ал биыл кәсіпорын 146 техника алуды жоcпарлап отыр. Оның ішінде жерснарядтар, катерлер, катоктар, сорғылар және бетон араластырғыштар бар.

Нұржан Нұржігітов ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Біз қызмет көрсетеміз. Өнеркәсіп мекемелерге, жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарға, содан кейін тұрғындарға су жеткізіп береміз. Осы қызметтің сапасын көтеруіміз керек. Қазір енді тапсырманы естідіңіздер, арнайы киім, құрал-жабдықтарды бәрін 100 пайыз шешіп береді. Техника бәрі келді.