Депутаттар бронетехника зауытына барды

Мәжіліс депутаттары отандық бронетехника өндірісімен танысты. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Астанадағы зауытты аралап, өндіріс барысымен танысты. 

Кәсіпорын еліміздің қорғаныс саласына қажет бронетехниканы шығарады. Мұнда металлды кесіп, дәнекерлерлеуден бастап, бояп, машина құрастыруға дейін толық цикл іске асады. Сондай-ақ зауыт радиостанциялар мен қару жарақ шығаратын кәсіпорындармен серіктестікте жұмыс істейді. Бұл кешен автоматтандырылған жүйе арқылы машина корпусын миллиметрлік дәлдікпен өлшейді. Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары мен мамандар инновацияны өндіріске енгізу және білікті кадрлардың әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады.

Алмаз Асенов, Кәсіпорнындағы жаңғырту жобаларының жетекшісі:

- Зауыт жылына 100 техника шығара алады. Егер әскери құрылымдарға одан да көп техника қажет болса, кешен өндіріс қуатын екі есе арттыруға қауқарлы. Бәрі тапсырыс көлеміне байланысты. Мамандардың бәрі арнайы оқытылыған. Алдағы уақытта біз Орталық Азия елдеріне өнімдерімізді көрсетіп, экспортқа шығуды жоспарлап отырмыз.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Зауыттың мүмкіндігін көріп қазір әлі де еселеп өнідіріс көлемін арттыруға болатынын көрдік. Қазір шетелдермен жұмыс істеп   жатыр екен. Әсіресе, Италия, Түркия, Еуропа елдерімен. Біз бұрынғы кеңестің саудыраған техникасынан арылуымыз керек. Оның күні өтті. Біз қазір отандық өндірісті шетелдік өндіріспен бірге сембиоз жасау арқылы қорғаныс қауіпсіздігіне қажетті қару-жарақ техниканы жасауды үдетуіміз керек деп ойлаймын.