Жаңа ата заңның өзегі – адам құқығы

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалды.

Бұл қағида Преамбулада алғаш рет негізгі басымдық болып бекітіліп отыр.  Жоба аясында жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарды қамтитын адам мен азаматтың негізгі құқықтары жаңартылды. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті қол сұғылмайтын құндылық ретінде қорғалады. Жеке тұлғаның дербестігі күшейтіліп, цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғауға ерекше назар аударылған. Сонымен қатар мәжбүрлеу шаралары кезінде адам құқықтарын қорғау нормалары нақтыланды. Мемлекет денсаулық сақтау, білім беру және еңбек салаларындағы әлеуметтік құқықтардың негізгі кепілі ретінде белгіленді. Ал неке мен отбасының маңызы күшейтіліп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау көзделген. Осылайша негізгі заңның архитектурасы мен мазмұны қазіргі заман талабына сәйкес түбегейлі қайта қаралды.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Біз екінші бөлімді адам құқықтарына арнайы арнап отырмыз. Оның ішінде Миранда ережесін алғаш рет Конституция деңгейінде нақты түрде көздеп отырмыз. Жалпы осыған байланысты механизмдер де алғаш рет енгізілуде. Мысалы, адвокатура институтын Конституцияның жаңа нұсқасына енгізіп отырмыз. Осындай жан-жақты, бұрын қолданылмаған механизмдерді біз конституциялық деңгейде бекітуді көздеп отырмыз.