Ақтөбеде қой жүнін өңдейтін зауыт ашылды
Өтпей жататын қойдың жүні кәдеге жарайтын болды. Тіпті сапасы нашар болса да қабылдайды. Бұған дейін қой жүні тек киім-кешек, қолөнер секілді ұсақ-түйекке пайдаланылатын.
Әрине, бұл орайда шикізат аса көп өтпейді. Енді Ақтөбеде қой жүнін өңдейтін зауыт ашылды. Бұл өндіріс орнында табиғи өнімнен құрылыс материалдары дайындалады. Инвестициялық жоба мал шаруашылығындағы қордаланған мәселені шешіп қана қоймай, өңірдің экологиясын оңалтуға да үлес қоспақ.
Батырбек Шәуленнің қожалығында 400-ге жуық еділбай тұқымды қой бар. Кәсіпкер «табысы оның көл-көсір» - деп Шопан ата түлігін көбейтуге ниетті. Қой жүнін өңдеу зауытының ашылғаны да тиімді болды дейді. Себебі бұған дейін қырықтық науқаны шаруалар үшін қомақты шығын еді.
Батырбек Шәулен, шаруа қожалығының басшысы:
- Бірінші көктемде қырқамыз. Одан кейін жабағы жүні бар, одан кейін күзем жүні бар. Екі қырыққанның өзінде соның барлығын біздер бұрын өртедік, далаға тастадық. Қазіргі кезде де әлі бір алып кететіндей қолданып жатқан жоқпыз. Егер де алып, еңбегіңді ақтайтындай болып жатса, біздер үшін кішкене көмек.
Инвестициялық жобаның құны – 5 млрд 300 млн теңге. Батыс Еуропа елінен заманауи өндеу жабдықтары жеткізіліп, 30 адам жұмысқа орналасты.
Зауыт жылына үш жарым мың тонна шикізат қабылдайды. Кез келген қой жүні бола береді. Тіпті жеңіл өнеркәсіпте пайдаланылмайтын ең төменгі сұрыпты қой жүнін дәл осындай арнайы аппараттарда сабынды сумен жақсылап жуып, тазартып шығарады.
Қой жүні түрлі ғимарат құрылысында жылуды оқшаулағыш материал ретінде қолданылады. Қазір табиғи өнімнің алғашқы легі дайын болған. Ауыл шаруашылығы тауарын өңдейтін өндіріс орны көктемгі қырықтық науқанына қызу дайындалып жатыр.
Ерлан Жаңабергенов, зауыт директоры:
- Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен шикізат қабылдау орындарын ашу мәселесін талқылап жатырмыз. Еліміздің барлық өңірін қамтитын желі болғанын қалаймыз. Яғни жеке кәсіпкер немесе шаруа қожалықтары тірек пункттеріне айналып, жақын маңдағы шаруалардан қой жүнін қабылдайтын болады.
Табиғи таза өнімге қызығушылық жоғары. Қазір еліміздегі ірі құрылыс компанияларынан бөлек Ресей мен Венгриядан да сұраныс түскен.
Жылына екі жарым мың тонна құрылыс материалдарын өндіретін зауыт шаруалардың сан жылдар бойы қордаланған мәселесін шешіп қана қоймай өңірдің, тіпті, еліміздің экономикасын әртараптандыруға үлесін қосады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов